ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚАЛАЙ ҚОРҒАП ЖҮРМІЗ

346 көрілім

Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатынла Түркістан қаласындағы ең алдымен, отбасы шеңберін, оқу орындарын, бұқаралық ақпарат құралдарын, жастар бірлестіктерін және негізгі реттеуші мемлекет ретінде болатын көптеген пәндердің жұмысы арқылы жүзеге асырылуда. Осы ретте Түркістан қаласының прокуратурасы тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Түркістан қаласындағы құқықтық мәдениет тәртіп пен тұрақты жауапкершілікті қалыптастыру бағытында дөңгелек үстелдер, жиындар, кездесулер өтуде. Жиындарда қоғамдық дамудың жедел міндеттерін шешу, атап айтқанда, құқықтық мемлекет құру және әлеуметтік жауапкершілікті азамат тәрбиелеу құқықтық мәдениеттің қалыптасуымен тығыз байланысты екендігі айтылуда.

Сонымен қатар, қоғамдағы ең өзекті мәселе әйелдер мен балалар құқығы, оларды қорғау аясында іс шаралар өтуде. Білім және ғылым министрлігі «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында аймақтарға тиісті баннерлер қойды. Студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, сондай-ақ мұғалімдер арасында құқықтық білім деңгейін арттыру мақсатында білім бөлімдеріне «Сенім 111» бірыңғай республикалық желісінің сенім телефоны көрсетілген құқықтық тақырыптар бойынша брошюралар үнемі жіберіліп тұрады. Мектептер, оқу орындары және студенттер үйі (жатақханалар) құқықтық тақырыптағы стендтермен безендірілген.

Министрліктің тапсырмасы бойынша «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құқықтық тәрбие бойынша жұмыс жүргізіліп, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы жасалды, www.eljastary.kz бірыңғай интернет-ресурсына тақырыптық қолдау көрсетілді, ақпараттық материалдар мен бейнероликтер дайындалды, екі оқыту семинарлары, Жастармен жұмыс істейтін мамандарға арналған төрт вебинар, нормативтік және бағдарламалық құжаттарды түсіндіруге арналған әдістемелік материалдар жасалды.

Қолданыстағы заңнаманы түсіндіру мақсатында мемлекеттік тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр: қабылдау, тұрғындармен кездесулер, Интернет-конференциялар арқылы байланыс, жетекшілер блогына сай,  ведомстволық сайттарда, мобильді қосымшаларда «сұрақ-жауап» бөлімі ашылды, инфографика белсенді түрде қолданылады. Мәселен, азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында Whatsapp онлайн-хабар алмасу қызметі іске қосылды, нәтижесінде 5000 кеңес берілді.

Тұтастай алғанда, Халыққа құқықтық ақпарат қызметі бойынша 119 бірыңғай нөміріне келіп түскен құқықтық мәселелер бойынша 907 мыңнан астам консультация берілді.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық қорғау қызметі орталығы белсенді жұмыс жасауда. Мұндай пункттер барлық облыстық прокуратураларда ашық, олардың негізгі міндеттері қазіргі заманғы қызмет көрсету, шағымдарды жедел шешу, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру, әкімшілік кедергілер мен бюрократиялық кідірістерді жою болып табылады. Олардың жұмысына заңгерлер, медиаторлар және басқа да мамандар тартылған. Өткен жылы республика бойынша 70 мыңнан астам азамат осындай орталықтарға қабылданды.

Сарапшылардың айтуынша, шамамен 10 шақты жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен қатысты еді. Аса ауыр қылмыстар ілуде біреу болмаса, жиі кездеспейтін. Ал қазіргі қылмыс ұрлық-қарлықтан адам өміріне қауіп төндіруге ауысты. Мәселен, Ақтөбедегі оқиға халықты шошытқан еді.
Елімізде жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азайған жоқ. Соңғы тіркелген оқиғалар тіпті жаға ұстатарлық. Жасөспірімдерді қылмысқа не итермелейді? Олардың мұндай жолға түсуіне не себеп? Сарапшылар мұны бірнеше әлеуметтік, қоғамдық фактормен байланыстырады.  «Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар», – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымова. Осы орайда бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалар қылмысына жол ашқанын аңғару қиын емес. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын. Сарапшылардың айтуынша жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі нақты мақсат-мүддесінің жоқтығы екенін ескертеді. Сондай-ақ ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ.

Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, жас ерекшелік өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады. «Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – дейді психолог.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елде 6 716 565 отбасы бар. Оның 2 416 364-і ғана жағдайы жақсы отбасылар қатарында. 873 974 мың отбасының жағдайы – қанағаттанарлық, 1 156 815 отбасы дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. 890 432 отбасының жағдайы нашар (ең көбі Алматы облысында 106 247, Түркістан облысында 85 985, ШҚО-да 69 986 және Алматы қаласында 77 738) және 1 378 980 отбасы ерекше бақылауда тұр. Ал 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұрады, соны¬мен қатар 97 мың бала – ерекше балалар қатарында. Аталған мәліметке қарасақ, елде жағдайы жақсы отбасылардан қанағаттанарлық, нашар және дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылардың саны басым. Сондықтан жасөспірімдер қылмысының жиілеуі көп.
Ресми мәлімет бойынша, осы жылдың қаңтар-мамыр айларында елде 574 кәмелетке толмаған жасөспірім құқық бұзушылық жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға көп. Соның ішінде 38 кәмелетке толмаған жасөспірім теріс қылық көрсетсе, 536-сы түрлі деңгейдегі қылмыс жасаған. Мәселен, 254 адам ауырлығы орташа, 225 адам – ауыр, 44 адам – орташа ауыр, 13 адам аса ауыр қылмыс тіркелген. Кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылықтың басым бөлігі Алматы облысына тиесілі (66 оқиға). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан (50 оқиға), Қарағанды және Түркістан облыстары (47 оқиға) да жасөспірімдер қылмысы көп аймақтар қатарында. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (12 адам) тіркелген.
Сарапшы-ғалымдардың айтуынша, қылмысқа барған жасөспірімдердің әрекеттеріне әлеуметтік тұрғыдан да көптеген себеп ықпал етеді. Жасөспірімнің өзіне, қоғамға пайдалы іспен айналыспауы, бос уақытының көптігі, күні бойы бос жүру қылмыстық әрекеттің алғышарты саналады. Қолы бос бала айналасындағы ортаның кері ықпалына тез түседі. Әсіресе, ғаламтордың әсері орасан зор. Таңнан кеш батқанға дейін балалар интернет желісінде отыратыны жасырын емес.
Құқық қорғау саласының мамандары жасөспірімдер қылмысы олардың өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Елдегі соңғы жылдары балалар арасындағы суицидтің негізгі себептеріне қарасақ, басым бөлігі отбасында ата-аналары, туыстарымен арасындағы жан-жалдарға байланысты орын алған. Ата-аналарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнату қажеттілігін жеткізу, баланың депрессияға ұшырауының немесе өмірлік қиын жағдайдың алғашқы белгілері туралы хабарлау ерекше маңызды. Тек ата-ананың назары, қолдауы және қамқорлығы балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға, дағдарыстық жағдайдан шығуға көмектеседі.
Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы