СОТ ТӨРЕЛІГІ ӘДІЛЕТТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

375 көрілім

Жоғары Сот Кеңесі жа­нындағы Кадр резерві жөніндегі комиссия Жоғарғы Сот судьяларының және соттар иерархиясы бойынша бір-біріне бағынышты басқа да адамдардың қатарынан құрылатыны белгілі. Бұл комиссияға мүшелік маңызды шешім­дер қабылдауда тәуелсіздікті көздейді. Алай­да егер онда әрекеттегі судьялар қатыстырылса, қандай тәуелсіздік туралы айтуға болады? Басқаша айтқанда бұл бос судья лауазымына үміткерлерді таңдау кезінде комиссияның объективті болмауының себептерінің бірі. Көбінесе кәсіби қасиеттері бар, шынымен лайық­ты судьяларға жол жабылып қалып жатады. Бұл мәселені комиссия құрамын отставкадағы судьяларға ауыстыру ар­қылы қисынды әрі оңай шешуге болады. Отставкадағы судьялар конъюнктураға тәуелді емес, үлкен кәсіби және адами тәжі­рибеге ие, сондай-ақ барынша көмек көр­сету мүмкіндігін ынта-жігермен қабыл­дайды.

Сондай-ақ Жоғарғы Соттың жанында судьяның жұмысына баға беретін Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Яғни Жоғарғы Сот осылайша судьяға өзінің ықпалын қамтамасыз етеді, бұл Конституцияның 77-бабының 1-тармағында бекітілген судьялардың тәуелсіздігі қағидатын бұзады. Егер сот төрелігінің сапасы жөніндегі мұндай комиссия қажет болса, сот органы басшылығынан және жұмыс істеп жүрген судьялардан тәуелсіз бола отырып, оларға ешқандай тікелей ықпал етпей, мұндай бағалауды кім бере алады? «Судьялар одағы» немесе «Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары» қоғам­­дық бірлестігі секілді ұйымдар сот төре­лігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамын неғұрлым тиімді қалыптастыру мәселесінде қызмет ете алар еді. Өйткені бұл қоғамдық ұйымдар сот төрелігінің сапасына шынайы объективті баға береді.

Жоғарғы Сот пен судьялар өздері­нің тікелей міндеттері – сот төрелігін жүзе­ге асырумен айналысуы тиіс. Олар Жоға­ры Сот Кеңесінің қарамағына беруге бо­латын әкімшілік функцияларға қатыспауы тиіс. Осы ойды растау үшін Еуропалық комиссияның Поль­ша­ның Жоғарғы Сотының тәртіптік пала­та­сын құрғаны үшін 100 миллион еуро айып­пұл салу туралы жақында қабыл­даған шешімін мысалға келтіруге бо­лады. Еуропалық комиссияның пікі­рін­ше, судьялардың кәсіби қызметі туралы шешім қабылдай алатын тәртіптік палатаның қызметі олардың тәуелсіздігі мен бейтараптығына қауіп төндіреді.

Сондай-ақ судьялардың сыныптылық институтын қайта жандандыру және сыныптарды беру мәселесін сот төрелігінің сапасы жөніндегі жаңартылған комис­сияның қарауына беру қажет деп санаймыз. Сыныптарды енгізу сот төрелігін іске асыру кезінде судьялардың уәжде­месін арттыруға және берілген сыныпқа сүйене отырып, олардың білім деңгейін айқындауға мүмкіндік береді.

Сот, құқық қорғау жүйелерін жаңғыр­тудағы біз тізбелеп келтіріп отырған бұл мәселелер оларды реформалауда ескерілетін жайттардың аз бөлігі ғана. Ал Жаңа Қазақстанды құру ең алдымен оның барлық институттарын жүйелі, сапалы, ауқымды реформалауды көздейді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы