Ортағасырлық өркениеттің озық үлгісі, әлемге әйгілі тайқазанның отанымызға оралғанына – 33 жыл. Осыған орай Түркістанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Құт пен берекенің символы – Тайқазан» атты көрме өткізді.

Тайқазан 1399 жылы Қарнақ елді-мекенінде Әбділ Әзиз ибн Шарафаддин Тебризидің ұстаханасында құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, диаметрі – 242 см, тұғырдың диаметрі – 60,7 см, биіктігі 162 см, тұғырының биіктігі 54 см, материалы 7 түрлі металдан тұрады. Тайқазанның бетіндегі жазулар үш бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігінде Тәубә сүресінен үзінді жазылған, одан кейін Пайғамбар хадисі жалғасады, төменгі бөлігінде қазанның жасалу мақсаты мен аяқталған жылы берілген.
Тарқата кетсек, 1935 жылы қасиетті тайқазан Ленинград қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберіліп, араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралды. Тек қазақтың ғана емес түбі бір түркі жұртының киесі саналатын алып қазанды қайтаруда Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ұлт жанашырларының еңбегі орасан.

Аталған көрмеге ардагерлер, тайқазанды қайтаруға атсалысқан азаматтар, тарихшылар, қала тұрғындары мен зиярат етушілер қатысты. Тағылымды шарада Нұрмахан Назаров, Дадажан Камалов сынды тайқазанды қайтаруға үлес қосқан ақсақалдар тарихи деректер мен естеліктер айтты. Көрменің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Оның ішінде 1864 жылы орыс саяхатшысы Николай Кунның альбомындағы тайқазан фотосуреттері, 1930-1935 жылдары түсірілген архивтік фотосуреттер көрменің сәнін кіргізіп тұр.

Шаһар қонақтары мен шетелдік саяхатшылар тағылымы мол тарихпен танысып, рухани әңгімеге қанықты. Жыл сайын өтетін көрменің басты мақсаты – ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, ұлттық кодымызды жаңғырту, елдік санаға баулу, бабалар тарихына қызығушылығын ояту. Көрме бір ай бойы келушілерге қызмет көрсетеді.
Азамат ӘЛІБЕК.
