Бүгін қалалық “Халықты жұмыспен қамту” орталығында қала халқын жұмысқа орналасуды жеделдету бойынша бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің басты мақсаты – халық арасындағы жұмыссыздық санын азайтып, сапалы мемлекеттік қызмет ұсыну болып табылады.

Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары бос жұмыс орындары жазылған тақтадан өз мамандықтары бойынша жұмыстарын тауып, жұмыс берушілердің байланыс нөмірлеріне хабарласып, жұмысқа орналасатынын айтып, қуаныштарын бөлісіп жатты.
Жәрмеңкеде Түркістан облысы бойынша экономист, бухгалтер, бастауыш сынып мұғалімі, кеңсе мамандары, програмист, тәрбиеші, заңгер, ағылшын тілі пән мұғалімі, мейірбике, қосалқы жұмыс секілді мамандықтардан бос жұмыс орны көптеп қарастырылған. Сонымен қатар, Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университетінен де бос жұмыс орындары бойынша ақпарат беріп, жастарды жұмысқа шақырды.

Айта кетсек, Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды есепке тіркеп, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіп, бос жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады. Жәрмеңке нәтижесінде қала тұрғындары тұрақты жұмыс орындарына жолдамалар алды.
Азамат ӘЛІБЕК.
