Түркістан облысында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпазы анықталды. Аталған байқау ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен маусым айынан бастау алған болатын. Байқаудың мақсаты – жұмыста жоғары тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау.
Байқауға облыстың 16 ауылдық округ әкімдері қатысуға ниет білдіріп, құжаттарын тапсырды. Үміткерлердің жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу үшін облыс әкімдігінің ресми сайтында онлайн сауалнама жүргізілді. Сонымен қатар, өңірлік конкурстық комиссия отырысында үміткер әкімдердің атқарған жұмыстары, тартылған инвестиция көлемі, ашылған жұмыс орындары, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі, жазған эсселері, жеке жобалық жұмыстары, мемлекеттік қызметшінің этикасын сақтауы, тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі жан-жақты талқыланды.
Комиссия қорытындысымен Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Дәулетбекұлы Нұрсейтов «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпазы болып танылды. Ендігі кезекте, Нұрбақыт Дәулетбекұлы Нұрсейтов киелі мекен Түркістанның атынан конкурстың республикалық деңгейіне қатысып, бағын сынайтын болады. Нұрбақыт Дәулетбекұлына сәттілік тілейміз!!!
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті.
