«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қасиетті Тайқазанның құйылғанына 620 жыл, тарихи орнына оралғанына 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы ашып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тарихи жәдігерлердің бірегейі қасиетті Тайқазан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бағыттарының мәнін ашатынын және құнды мұраның жасалу тарихынан бастап, әрбір элементтерінің мән-мағынасын кеңінен насихаттау бүгінгі басты мақсат екендігін жеткізді.


Көрменің ашылу салтанатына филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының кандидаты, Тайқазан тарихын зерттеуші Ділдәш Мұстапаева сынды тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, Ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйым мүшелері, студенттер мен жоғары сынып оқушылары, қала тұрғындары және музейге келуші қонақтар қатысты.


«Қайта оралған жәдігер» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері және қорық-музейдің мұрындық болуымен 2009-2014 жылдар аралығында өткен жастар арасындағы қазақ күресінен республикалық «Тайқазан» турнирінің фотосуреттері, медалдары мен мұрағаттық құжаттар бар. Көрменің мақсаты – ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым – парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі