Аз күннен соң жаңа оқу жылы басталмақ. Базарда оқушы керек-жарағы, мектеп тауарларын сататын сауда қатарында кісі қарасы қалың. Ығы-жығы адамнан әзер жүресің. Екі немесе үш-төрт баласын жетектеген ата-ана жаңа оқу жылына керекті киімдер мен құрал-жабдықтарын сатып алу қамымен базар жағалап жүр. Әрбір ата-ана перзентін қатардан қалдырмай киіндіріп, баласын 1 қыркүйекке мектепке жарқыратып апарғысы келеді. Баланы мектепке дайындау қарапайым отбасылар үшін оңай болмай тұр. Көп балалы отбасылары түгілі, бір-ақ оқушымыз бар бізді де ойландырды. Өйткені, мектеп базарындағы баға күйіп тұр. Өткен жылы 300 теңгеден алған (жоғары сыныптарға арналған) қалың дәптерді 600 теңгеден алдық. Қызым бірден 10 данасын алғысы келіп еді, басқа заттарға жетпей қалар деп әзірге 3000 теңгеге 5 данасын алдық. Қаламсап та, түрлі қалам да, сурет дәптер, (еңбек пәні құралдары) өшіргіші, қаламсауыты (пенал) бар қысқасы оқушы жабдығына аз-аздан алғанда 13 мың теңге жұмсадық. Сөмкесімен 20 мың теңге жетіп қалар деген үйдегі есепті базардағы баға бұзып жіберді. Өйткені, сөмкенің бағасы 7 мыңнан басталып 15 мыңға дейінгі аралықта. Қағаз-қалам, мектеп құралдары 2-3 есеге өсіп, қатты қымбаттап кеткен. Иә, биыл кеңсе (мектеп) тауарларының құны былтырғыға қарағанда әлдеқайда қымбат.
…Кешелі бері көршілер чатындағы басты тақырып осы мектеп базары төңірегінде болды. Базардағы бағаның қымбаттығы әңгіме арқауына айналған ата-аналар түн ауғанша осы мәселені талқылап тыным таппады.Өйткені, бұл әр ата-ананы да ойландыратын мәселе. Көршілердің айтуынша бастауыш сыныпта оқитын ұл баланың ақ жейдесінің бағасы 3500 теңгеден басталып 7000 теңгеге дейін, шалбар 7500 теңгеден басталады. Галстук 800-1500 теңге. Ал аяқ киім 8000 теңгеден басталып, 15000 теңгеге дейін, ақ майка 1000-2000 теңге аралығында. Сөмке (рюкзак) 5500-7500 теңгеге, футболка 3000-5000 теңгеге, трико 2000-5000 теңгеге, спорттық костюм 4000-9000 теңгеге, кроссовканы 5000-6000-нан табуға болады, сапалысы 10 000 теңгеден сатылып жатыр. Костюм-шалбар 12000 теңгеден басталып, сапасына қарай бағасы да қымбаттай береді. Ал, жоғары сыныпта оқитындар үшін ақ жейдені 5000-8000 теңге аралығында алуға болады. Сөмке 7000-15 000 теңге аралығында. Қырлы шалбар 8000-11000 теңгеден сатылып жатыр, жоғары сыныптың ұлдары үшін костюм шалбар 20000 теңгеге шығып кеткен, дейді. Ал, қыз бала ше?Қыз баланың киіміне ер балаға қарағанда көбірек қаражат жұмсалатыны белгілі. «Тауықты тойындырып бітпессің, қызды киіндіріп бітпессің» деген халқымыздан қалған сөз бекер айтылмаған. Қыздың ұсақ-түйек, көр-жері көп-ақ. Мұны тәптіштеп есептемей-ақ қоялық. Қысқасы, орта есеппен алғанда бір оқушының киім-кешегі мен керек-жарағына кем дегенде 50-60 мың теңге жұмсалады. Оған оқуға қажетті дәптерлер мен кеңсе (мектеп) тауарларын қоссаңыз, әрбір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін кемі 75-80 мың теңгедей қаражат керек.
…Бір кездері біздер үшін 1 қыркүйек мереке еді. Әлі де үш ай жаз мектебін сағынып, ине-жіптен жаңа шыққан киімдерін киіп, ақ шағаладай болып мектепке бару әр бала үшін қуаныш, мереке деп білемін. Алайда, «дорогой удовольствие» деп орыстар айтпақшы, қымбатқа түскен мереке болып тұр ғой, бұл. Айлығы шайлығынан аспайтын, 4-5 оқушы баласы бар қарапайым қазақ үшін баланы мектепке дайындау кәдімгідей мәселе болып отыр. Кешегі апта соңында Үкіметбасы Әлихан Смаилов тиісті құрылымдарға мектеп құралдары мен кеңсе тауарлары бағасын ауыздықтау туралы тапсырма берді. Кеш те болса мұндай тапсырманың болғанына қуанып қалдық. Ендігісі Үкімет тапсырмасы орындалып, қадағалау күшейсе, баға тұрақталса екен деген үміт. Шарықтап бара жатқан базар бағасы, қатардағы қазақ отбасының қабырғасын қайыстырып, арқасын аяздай қариды. Естір құлақ болса, әлеуметтік медиада бұл мәселе күнде айтылып та, жазылып та жүр. Әл-әзір нәтиже болмай тұр, десе де, көңіл түкпіріндегі үміттің нәзік жібін үкіметтің пәрмені жалғайды деген екіұдай күй кешіп келе жатқан жайымыз бар.
Әтіргүл БАҒМАНҚЫЗЫ.
