«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

614 көрілім

Шаhардағы Түркістан оқушылар сарайында қайырымдылық шара тағы да өз жалғасын тауып, қала әкімдігі тарапынан 200 шақты оқушыға сөмке мен оқуға арналған жабдықтар сыйға берілді. Бүгінгі күнге дейін демеушілер есебінен 200-ден астам балаға  мектеп формасы үлестірілген. «Мектепке жол» акциясын жүзеге асыру үшін 1000-ға жуық баланы мектепке қажетті құралдармен қамту көзделген.

Жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров, “Amanat” партиясының Түркістан қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, қаланың дамуына еңбегі сіңген тұлғалар Жарқынбек Құлбайымбетов, Айғаным Серім, Ұлжан Мұстафаева дәстүрлі республикалық акцияға қатысып, жас бүлдіршіндерге тілегін жаудырды. 

«Балалар біздің болашағымыз. Санаулы күнде барлық білім ошақтары оқушыларға қайтадан есігін айқара ашады. Мектеп табалдырығын алғаш аттағылы отырған бүлдіршіндердің қадамдары құт болсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды “Балалар жылы” деп белгілеуі ол әрине бізге үлкен міндетті жүктейді. Сонымен қатар, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей тапсырмасына сәйкес оқу жылының алдында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, қаладағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі іс шараны өткізіп отырмыз. Осының барлығы ел ертеңі үшін, жастарымыз үшін жасалынып жатыр. Бізге демеуші болған қала кәсіпкерлеріне алғысымды білдіремін. Қаламыздағы жаны жомарт жандар да жыл сайын қолдан келгенше көмек беруден аянып қалып жатқан жоқ»,- деді Нұрбол Әбдісаттарұлы. 

Бүгінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жалғасатын акция барлық мектептерде өткізіліп жатыр. Мәселен, бүгін А.Байтұрсынов атындағы №1, Ж.Еділбаев атындағы №18, Абай атындағы №31 мектепте 44 оқушыға қолдау көрсетілді. Кезең-кезеңімен өткізіліп жатқан акция ертең Ғ.Мұратбаев атындағы №5 мектепте және 28 мектеп-лицейінде өз жалғасын табады.   

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы