ҚАРАШЫҚТА БАЛАЛАР МЕН ҚЫЗДАР МЕДРЕСЕСІ БАР

847 көрілім

Қарашық ауылдық округін басқа өңірлерден ерекшелейтін екі нәрсесі бар екен. Бірі Қарашық ауыл мешіті жанынан балалар мен қыздарға арналған медреселер ашылған. Медресе ұстазы Осман Шариповтың айтуынша, мұнда елу бала тәрбиеленеді. 2017-2018 оқу жылында алғашқы діни сауат алу курсы болып басталды. Мұнда негізінен құранды жаттатып, әдеп курсы оқытылады. Бұдан бөлек жақында қыздарға арналған медресе жұмыс жасайды. Онда да елуге жуық қыз бала тәрбиеленеді.

– Жасыратыны жоқ, елімізде ғана емес, Түркістан өңірінде материалдық жағдайларға байланысты отбасыларының ажырасуы жиілеп кетті. Ұлдарымыз жұмыссыздыққа ұрынып, соның салдарынан ішімдікке әуестігі күшейіп, есірткіге салынып кеткендері де бар. Болашақ ана болатын қыздарымызға да қырық үйден тыйым салып қана қоймай, осылай діни тәрбие беру арқылы отбастарын сақтап қалудың қамын жасаудамыз, – дейді Қарашық ауылы Ақсақалдар алқасының төрағасы Жумадулла Омаров.

Жумадулла Омаров ақсақал бұрын осы шаруашылықта 42 жыл ветеринарлық дәрігер болып қызмет еткен екен. Күні кешеге дейін мал тұқымын асылдандырумен айналысқан.

– 1983 жылы Белоруссияның Гомел мен Брест қалалары маңынан 2600 бас аққарабас сауын сиырларын әкеліп, Түркістан ауданына тараттым. 1991 жылы Украинадан 266 бас сүтті және етті бағыттағы сиырларды осы ауылға әкеліп шаруашылыққа жібердік. Қазіргі кезде ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Өзім есік алдындағы бау-бақшамды қарап отырмын. Соңғы жылдары агрономдықты меңгеріп те алдым. Әттең, ең қиын болып тұрғаны бақшалық судың жетіспеушілігі. Аудан әкімі Ғани Рысбековтың қолдауымен ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Жасыбаев есімді азаматымыз 6 миллион текше метр су сиятын Қарашық су қоймасын салып береміз деп отыр. Осы жастарға құдай қуат берсін деп біз де ақсақалдық ақылымызды айтып отырмыз, – дейді қадірменді қария Жумадулла Омаров.

Бір қызығы ауыл әкімінің сұрауымен 76 жастағы Қарашық ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жумадулла Омаров ақсақал өзінің «Мерседес» машинасымен барлық қажетті мекемелердің бәрін аралатты. Жиырма шақты мекемені аралаған кезде, ауылдың жетістіктерін айтып ауызы жабылмады. Кешке дейін рульде отырған сексенге иек артқан ақсақал қыңқ еткен жоқ. Түркістандағы жұмыс орныма өзі әкеліп тастады. Ақсақалға алғысым шексіз.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы