БЕЙНЕ ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛІК: БЕЛГІЛЕРІ МЕН САЛДАРЫ

798 көрілім

Ойын – балалардың жәй ермегі ғана емес, олардың түрлі қабілеттерін дамытатын, қоршаған ортаны танып білуіне, ақыл-ой өрісінің кеңеюіне септігін тигізетін маңызды нәрсе. Қазіргі балалар далада ойнаудан гөрі смартфоннан бейне ойындарды ойнағанды ұнатады. Тіпті, 1-сыныпта оқитын бүлдіршіндердің өзі телефонның құлағында ойнайды. Кейде үлкен кісілер смартфонға байланысты білмеген, түсінбеген нәрселерін солардан сұрап жатады. Балалар жаңа технологияны кішкентай кезінен меңгергендері жақсы, әрине. Алайда, көпшілігі бейне ойындарға тәуелді болып бара жатқаны алаңдатады. Заманауи практик-психолог, «Resource Academy» ғылыми тәжірибелік психология орталығының мүшесі Шырын Мырзакелдіқызы бейне ойындарға тәуелділік белгілері, себептері мен салдары туралы әңгімелеп берді.

– Бейне ойындарға тәуелділік неден туындайды?

– Байқасаңыздар, кейбір балалар бейне ойындарға мүлде қызықпайды. Ал, кейбіреулері керісінше үйір болады. Олар бейне ойынды ойнау арқылы шынайы өмірден қашудың жолын іздейді. Қашуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, баланың өмірінде, қоршаған ортасында ата-анасымен, достарымен қарым-қатынасында немесе сабағында мәселе болуы мүмкін. Сол мәселелерден қашудың жолын бейне ойындардан табады. Яғни, бейне ойындарды ойнау арқылы шынайы өмірдегі әділетсіздіктен, мәселелерден қашып, бейне ойындарда жан тыныштығын табады.

Баланың бейне ойынға тәуелді болғанының бірнеше белгісі бар. Олар: бала шынайы өмірде өзін жоғалта бастайды. Достарымен, ата-анасымен сөйлесуді мүлдем қояды. Әрдайым ашулы болуы мүмкін. Сабаққа көңіл бөлуі тоқтап, тіпті, тәбеті де болмайды. Осындай белгілерін байқаған кезде тәуелділік пайда болды деген сөз.

– Бейне ойындарға тәуелді болуының себебі неде?

– Бейне ойындарды ойлап тапқан адамдар баланы өзіне үйір қылып, тәуелділікке алып келеді. Бала бейне ойындарда өзін шынайы өмірде жүргендей сезінеді. Яғни, әр кезеңнен өткен сайын «мен жасай алдым, мен өттім, мен мықтымын» деген позициялар пайда болады. Байқасаңыздар, ойындарда әртүрлі деңгейлер болады. 1-ден бастап, әрі қарай жоғары көтеріле береді. 1-деңгейден өтеді. 2-шісінен өтеді. Осы нәрсе балаға ләззат сыйлайды. Сол арқылы даму үстінде екенін сезеді. Ойын соңындағы арнайы төсбелгілер, монеталар секілді марапаттар балаға мотивация береді. Шынайы өмірде ала алмаған наградаларды виртуальды ойында алған кезде балада сенімділік ұялайды. Міне, осындай этаптардан өткен соң бала міндетті түрде бейне ойындарға үйір болады. Яғни, балада тәуелділік пайда болады.

– Компьютерлік ойындардың пайдасы бар ма? Бейне ойындардың, соның ішінде атыс-шабыс, төбелес ойындардың бала психологиясына әсері қандай?

– Жалпы, ойындардың жақсы түрі де, жаман түрі де бар. Бейне ойындарды ойнаған балаға “неге ойнайсың?” деп сөгудің қажеті жоқ. Сөгу арқылы оның таңдауына қарсы келіп тұрсыз. Ол да баланың психикасына зардабын тигізеді. Керісінше, сіз бейне ойындардың пайдалы түрлерін ұсынуға тырысыңыз. Яғни, бейне ойындардың кейбір түрлері баланың логикасын, фантазиясын, ойлау жүйесі мен интуициясын дамытуға жақсы әсер етеді. Сонымен қатар, атыс-шабыс ойындардың өзі баланың зейінін қалыптастырады. Бірақ, оның ішіндегі зорлық-зомбылық көріністері де баланың психикасына зиянын тигізбей қоймайды. Яғни, сол бейнелердің арасында жүре отыра балада агрессия, ашуланшақтық, қатігездік пайда болады. Сол себепті, ата-ана міндетті түрде бақылауда ұстауы керек. Бақылауда ұстау деген төбесінде тұрып үрейлендіру емес, «мынанша уақыт ойнауға рұқсат» деп уақыт шектеуін қою керек.

Бейне ойынның балаға зияны да бар. Ересектерге қарағанда баланың психикасы нәзік болады. Сол себепті, бала ойынды қатты қабылдап, ойындағы персонажды өзіне қалыптастырады. Шынайы өмірде отырған кезде де сол персонаждың рөлінен шыға алмайды. Соның салдарынан қоршаған ортасына, ата-анасына, достарына өзінің персонажындың рөліндегі адамның агрессиясын көрсетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, баланың ашуланшақ болуының тағы бір себебі, ойын тек жеңістен ғана емес, жеңілістен де тұрады. Бала сол жеңілісті қатты көтере алмайды. Мақсатына жете алмағандықтан өзіне сенімсіздік пайда болып, жан-жағына агрессиясын көрсете бастайды. Бұл кезде ата-ана өздігінен емес, арнайы мамандарға жүгініп, жұмыс істегені дұрыс.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.

Гүлжан НИЯЗОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы