СОЗАҚТА ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ЕРЕКШЕ МАҢЫЗ БЕРУ ҚАЖЕТ

910 көрілім

Жайылым жағдайына байланысты үнемі көшіп жүруді дағды еткен Азия халықтары оның ішінде біздің ата бабаларымыз түйені өсіруге, оны қолға үйретіп мініс көлігі ретінде пайдалануға, сүтін сауып, шұбатын ішуге ықылым заманнан бері ерекше мән берген. Сол себептен де түйе шаруашылығы – еліміздің шөл және шөлейт аймақтарындағы жұтаң жайылымдарда мал өнімін өндіру мақсатында халқымыздың ғасырлар бойы айналысып келе жатқан негізгі саласының бірі болып қалыптасқан. Ата- бабаларымыз еліміздің шығысы Алтайдан, батысы Атырауға дейінгі ұлан байтақ жерімізде мал жайылымын ауыстырып жаз жайлауға шыққанда, күз күземде болып, қыс қыстауға көшкенде ең басты көлігі ретінде түйені пайдаланғандықтан оны «дала кемесі» деп атауы да тегін болмаса керек.

Түйе шаруашылығы мал шаруашылығы ішінде ең көне, ежелгі шаруашылықтың бірі. Түйе шаруашылығы саласы жөнінде кенжелеп қалған шаруашылық деген түсінік пен көзқарас қалыптасқан жағдайы бар. Бұл түйе өсірудің көп назар аударыла бермейтін, түйе өсіруге көп шығын жұмсауды талап ете бермейтін өзіндік ерекшелігіне байланысты болса керек. Түйе шаруашылығын кенжелеп қалған шаруашылық деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Түйе малы санының тұрақты өсіп отыруы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алған. Әлем мемлекеттеріндегі түйе саны 1939 жылы 7,8 млн бас болса, 1960 жылы 10,3 млн бас, 1972 жылы 14,6 млн бас түйе болған.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы 233,6 мың бас түйе өсіре отырып түйенің етін, сүтін және жүнін мол өндіретін бірден-бір мемлекет болып саналады. Облысымызда 35,0 мың басқа тарта түйе өсіріліп отыр. Ауданымыз республикамыз-дағы түйе түлігін өсіру үшін ең қолайлы аймақтың бірі саналатындықтан түйе саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 1989 жылдары Кеңестік шаруашылықтар дәуір-леп тұрған шақта ауданымызда 7745 бас түйе болса, бүгінгі таңда ауданда өсіріліп отырған түйе саны 13452 басқа жетіп отыр.

Қазақстанның Оңтүстік-Батыс өңірінде барлық сүттің 85%, түйе етінің 92%, жүннің 93% өндіріледі.

Қос өркешті түйе-ғылыми атауы Бактриан. Айыр өркешті түйенің жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйенің ұрғашысын – «іңген», еркегін – «бура» дейді. Қазақстанда Қос өркешті түйенің Астрахан түйесі, Қазақстан түйесі, Қалмақ түйесі деп аталатын негізгі үш тұқымы өсіріледі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді. Жалғыз өркешті түйе Ғылыми атауы – Дромедар. Еліміздің тек кейбір жерлерінде ғана өсіріледі. Негізгі өсірілетін жері – Қарақұм. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын қол тұқымы өсіріледі. Жабайы түрі жойылып кеткен. Жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, қатты аязға шыдамсыз.

Созақ ауданында өсіріліп отырған түйелермен селекциялық асылдандыру жұмыстарын ғылыми негізде жүргізуге қай кезде болмасын үнемі ерекше маңыз беріліп келген. Созақ ауданында түйе түлігімен асылдандыру жұмыстары «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС ғалымдары ұсынған мына бағыттар бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт – Қазақтың қос өркешті түйесін өсіру. Түйенің бұл тұқымы жоғары өнімді малдарды іріктеу, сұрыптау жолдарымен халықтық селекция нәтижесінде шығарылған. Қазақстанда түйенің бұл тұқымының 5 типі: Орал-Бөкей, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс типтері өсіріледі. Осы малдардан Созақ ауданы жағдайына Оңтүстік Қазақстан типі сәйкес келеді. Бұл малдарды одан әрмен еттілігін жетілдіру үшін Қызылорда типімен шағылыстыру арқылы таза қанды өсіру немесе Орал-Бөкей қос өркешті түйесімен шағылыстырып, аралас ұрпақ түрінде өсіру ұсынылған. Оңтүстік Қазақстан типінің інгенін Қызылорда типінің бурасымен шағылыстырғанда алынған ұрпақтың тірі салмағы 12%-ға, ал Орал-Бөкей типімен шағылыстырғанда 20%-ға артады және ет шығымдылығы 5-7-%-ға өседі. Қазақтың қос өркешті түйесін өсіргенде оның тұқымын асылдандырудың негізгі бағыты – салмағын көбейту, жүн өнімділігін арттыру және малдың дене тұрқының қажетті ерекшеліктерін жетілдіруге бағытталған.

Екінші бағыт – Қазақы нар түйелерінің бір өркешті тұқымының популяциясын өсіру. Дара өркешті түйелердің қазақы популяциясы – қазақы нар – қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруанасы тұқымдарын шағылыстырып, алынған төлді түрікмен аруанасы тұқымының қанын 87,5%, 93,75% және 96,875% дейін жеткізу жолымен алынған. Қазақы нардың ұрғашыларының тірі салмағы 650 кг, сауын мерзімінде 2200 кг тауарлы сүт береді. Сүттің майлылығы 4,2%, ақуызы 3,8% болады. Созақтың қатал табиғатына бейімделген тұқым болып есептеледі, сыртқы тұрқы түрікмен аруанасына ұқсас болып келеді, қысқалау «галифесі» болады, қазақтың қос өркешті түйесіне тән кекіл болмайды. Қазақы нармен жүргізілуге тиісті селекциялық жұмыстар негізінен сүт өнімділігін көтеру, малдың тез жетілгіштігін арттыру мен сойыс салмағын көтеру, сонымен қатар ет-сүт өнімділігі бағытындағы малдардың санын көбейтуге бағытталған.

Үшінші бағыт – Түрікмен аруанасы түйелерінің дара өркешті тұқымын өсіру. Таза қанды түрікмен аруанасының ірілеу келген бір өркеші болады. Түйенің бұл тұқымы негізінен сүт өндіру үшін, кейде ет-сүт бағытында да өсіріледі. Түрікмен аруанасының негізгі белгісі – жауырын тұсында «эполет» деп аталатын шудасы болады, бұндай шуда қос өркешті түйелерде болмайды. Сол сияқты бір өркешті түйелерде кездесетін «кекіл» мен «галифе» де болмайды.

Мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізгі бағыты сүттілігін, майлылығын және ақуыз құрамын молайту болып табылады.

Уран өндірумен айналысатын өңірде түйе сүті жоғарғы сұранымға ие. Сондықтан осы өңірде сапалы түйе сүтін өндіру үшін қазақтың бір өркешті түйелерін түрікмен аруанасымен шағылыстыру арқылы алынған будандардың санын көбейтуге бағытталған. Себебі будан түйелер ауданның қатал ауа райына өте төзімді және қатал климатқа бейімделгіш болып келеді.

Соңғы жылдары республикадағы түйе басының 12,5%-ға, асыл тұқымды малдың 2,4%-ға көбейгені байқалады. Қазіргі кезде ғалымдар қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруаналарының жаңа асыл тұқымды типтері мен желілерін шығарумен айналысуда. Ғалымдардың алдында тұрған кезекті мәселелердің бірі – асыл тұқымды малдың гендік қорын сақтау және соларды пайдалана отырып түйе шаруашылығын одан әрі дамыта беру болып табылады.

Ауданда «Қарақұр» өндірістік кооперативі, «Нұрбол», «Маметханов», «Сенім», «Бағдат», шаруа қожалықтары асыл тұқымды түйе өсірумен айналысатын шаруашылықтар тізіміне ендірілген. Бүгінгі таңда түйе тұқымын асылдандыру ісімен ұзақ жылдар бойы айналысқан «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы»ЖШС кәсіби маманы ғалым Ермахан Мейрамбек республикалық түйе палатасының басшысы, әрі Созақ ауданы мәслихатының «Ауыл» партиясы фракциясынан сайланған депутаты. «Оңтүстік Батыс мал және өсім-дік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталы-ғы» ЖШС ғалымдарының тікелей ғылыми басшылық етуімен қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруаналары-ның бірнеше зауыттық желілері шығарылды.

Қазақтың қос өркешті түйесі «Ақмоншақ-7» ақ түсті бурасының желісі 2011 ж апробациядан өткен. Бұл бура желісі Түркістан облысы, Созақ ауданы «Бағдат» шаруа қожалығында өсірілуде. Желідегі түйелердің өркеш арасының биіктігі мен тірі салмақтарының орта көрсеткіштері еркектерінікі 197 см, салмағы 950 кг, інгендерінікі 186 см, салмағы 700 кг. Орташа жүн түсімі 5,2-6,0 кг аралығында. Желінің екі жас 8 ай болған төлдерінің ұшалары салмақты болып келеді, сойыс шығымдылығы 55,7-58,4% аралығында. Желідегі малдардың түстері ақ немесе ақбоз болып келеді.

Қазақтың қос өркешті түйесі «Тәліп-1» желісінің бурасы ауданымыздағы «Сенім» және «Нұрбол» шаруа қожалықтарында өсірілуде.

Қазақтың қос өркешті түйесі Оңтүстік Қазақстан типінің «Тәліп 1» зауыттық желісі «Сенім» және «Нұрбол» шаруашылықтары базасында қазақтың қос өркешті түйесі Оңтүстік Қазақстан типінің «Тәліп-1» зауыттық желісі шығарылды. Желінің бураларының тірілей орта салмағы 780 кг, жүн түсімі 14,5 кг, жүнінің таза шығымы  94,0%  болып  келеді.

Қазақтың қос өркешті түйесінің оңтүстікқазақстан типінің «Нұрбол 9» зауыттық желісі «Сенім» және «Нұрбол» шаруа қожалықтары базасында зауыттық «Нұрбол 9» желісі шығарылды. Желідегі буралардың тірілей орта салмағы 760 кг, жүн түсімі 13,2 кг. Інгендерінің тірілей орта салмағы 602 кг, жүн түсімі 6,7 кг, жүнінің таза шығымы 95% болып сипатталады. «Қоңыр інген», «Боз інген» және «Қара інген» аталатын үш аналық желісі бар.

Қазақ аруанасы популяциясының «Кірпік» лөгінің желісі 2011 ж апробациядан өткен. Бұл бура желісі ауданымыздағы «Бағдат» шаруа қожалығында өсірілуде.

Аналықтардың желін бездері жақсы дамыған, желіндері тостақ пішінді, бөліктері мен үрпілері бірқалыпты болып келеді. Сауын мерзімінде майлылығы 4,5% 3000 кг сүт береді. Лөктерінің тірі салмағы 800 кг, аналықтарынікі 600 кг. Сүт бағытын-дағы «Кірпік» желісінің аналықтарының желіндері көлемдірек, тостақ тәріздес болады. Үрпінің шеңбері 10,5-12,4 см, ара қашықтықтары 14,0-14,9 см болып келеді.

Қазіргі таңда «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу Орталығы»ЖШС түйе шаруашылығы бөлімінің ғалымдары Қазақстан Республикасының «Агроөндіріс кешені саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» бағдарламасы бойынша үлкен көлемді ғылыми жұмыстар жүргізілуде.

Созақ ауданында түйе шаруашылығын одан әрі жетілдіру үшін қазақтың қос өркешті түйелері мен түрікмен аруаналарын асылдандырудың селекциялық тәсілдерін жетілдіруге, түйе өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, сақтау және сатудың инновациялық технологияларын жасауға, жоғары өнімді будан түйелердің санын көбейтуге, түйелердің гендік мониторинг жүйесін жетілдіруге, түйе өсірілетін аумақтарда туристік кластерлер ұйымдастыруға, түйенің халық қызықтайтын спорттық түрлерін дамытуға да ерекше маңыз берілетін болады.

Ауданда түйе шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді барынша тиімді әрі ұтымды ұйымдастыру ісіне маңыз беру қажеттілігі туындап отыр. Жазғы кезеңде малды Бетпақ жайылымына шығаруға шаруалар мойын бұрулары қажет. Қысқы кезеңде орман қоры жері болып есептелетін Мойынқұм жайылымы мен шабырдағы жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалана алғанда ғана түйе шаруашылығын дамытуға қол жеткізуге болады. Тозығы жеткен жайылымдық жерлерді шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген өсімдіктер егу және су көздерін ашу арқылы қайтадан айналымға қосуға маңыз беруіміз керек. Созақ өңірінде 1985 жылдарға дейін 1600-ден астам құдықтар мен скважиналар болған. 2000-2006 жылдар аралығында «ВОЛКОВГЕОЛОГИЯ»АҚ тарапынан аудандағы уран өндірісі жүріп жатқан аймақтағы бұрын пайдаланылып келген 103 құдықтар мен артезиан скважиналары суының құрамынан радионуклидтердің шектелген нормадан тыс асып кетуі жағдайының анықталуына байланысты жабылған. Міне осыдан кейінгі 16 жылдан астам мерзімде ауданда уран өндірісі ондаған есеге артып ұлғайды. Аудан аумағында орналасқан Шу-Мойынқұм тау кен провинциясы мен Бетпақ дала өңірінде орналасқан тау кен провинцияларына өндіріс орындары қажеттілігі үшін сөткесіне 1800 тонна күкірт қышқылы мен одан басқа улы химиялық қоспалар (реагенттер) жер асты скважиналарына құйылып жатқандығын ескерсек тек соңғы жылда жер асты қабатына 10 млн тоннадан астам улы химиялық қоспалар уран өндіру үшін жер асты қабатына жіберілді. Міне осы жылдан бергі мерзімде аудан көлемінде Мойынқұм мен Бетпақ өңіріндегі жайылымдық жерлердегі жер асты суларының ішуге жарамдылығы тексерілген жоқ. Жекелеген уран өндірісімен айналысып отырған кәсіпорындар оның ішінде «Қазақ Француз «КАТКО» БК ЖШС тарапынан өндіріс орны маңайындағы скважиналар суын пайдалану қауіпсіз еместігі ескертіліп осы суларды пайдаланып отырған аудан агроқұрылымдары үшін қауіпсіз аймақтан артезиан скважиналарын қазып беру жөнінде ұсыныс жасалып отыр. 2018 жылдың 6 желтоқсанында осы мәселеге байланысты Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-на, Түркістан облысы бойынша экология және қоғамдық денсаулық сақтау департаменттеріне, Созақ ауданы әкімдігіне арнайы ескертпе хат жолданған. Хатта уран өндіру үшін пайдаланылып отырған ұңғымалық шаймалау әдісі қоршаған ортаға әсерін қалдырмай қоймайтындығын, соның ішінде жер асты суларының ластану қаупі жоғары екендігін ескере отырып өздігінен ағатын ұңғымаларды жабуды, экологиялық және санитарлы-эпидемиологиялық ахуалды анықтауға және жер асты суларының құрамына тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізу шараларын ұйымдастыруды ұсынып отыр. Осы жағдайға байланысты уран өндірісі ауқымды қарқынмен жүргізіліп жатқан Шу-Мойынқұм тау-кен провинциясы мен Бетпақ дала өңірінде орналасқан тау-кен провинциялары аумағында, жер асты суларының таралу аумағында жер асты суларының пайдалануға жарамдылығын анықтау қажеттілігі туындап отыр. Өмірлік маңызы бар бұл шараға ерекше маңыз беру керек деп есептейміз.

Аудан мал шаруашылығы үшін аса маңызды Мойынқұм мен Мойынқұмды Бетпақпен және тау өңіріне дейінгі жазықтықпен жалғайтын шабырдағы жайылымдық жерлердің 1015543 гектарының Созақ ауданы әкімінің 1998-2003-2005-2007-2014-2018 жылдардағы шешімімен Орман қорына берілуі аудан шаруалары үшін біршама қолайсыздықтар тудырып келеді.

Орман қоры жерін пайдалану ҚР «Орман кодексі» мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 01.11.2011 жылғы № 1268 Қаулысымен бекітілген «Мемлекеттiк орман қоры аумағында орманды жанама пайдалану қағидаларына» сәйкес реттеліп отыратындықтан орман қоры жерін пайдалану жөнінде шектеулер қойылған. Шектеуге байланысты белгіленген тапсырыс режимі бойынша «…шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға, шөп шабу мен мал жаюға тыйым салынған».

Осыған байланысты Орман қорына тиесілі аумақты пайдалану үшін аудандағы орман және жануарлар әлемін қорғау мемлекеттік мекемесінен және орман қорына тиесілі жайылымдық жерлерде қандай да болмасын құрылыс объектісін салу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарынан арнайы рұқсат алулары керектігі, 2012 жылдан бері облыстық мәслихат шешімімен орман қоры жайылымын пайдалану тарифінің ендіріліп, осыған сәйкес орман қоры жайылымын пайдаланушылардын төлемақы алынуы, 2015 жылдың 9 желтоқсанындағы облыстық мәслихаттың №44/358-V шешімімен орман қоры жайылымдарын пайдаланудың төлем-ақы ставкалары 2012 жылмен салыстырған-да 9-14 есе жоғары болып белгіленуінің өзі аудан агроқұрылымдары тарапынан бірқа-тар наразылық тудырған еді. Алайда орман қоры жайылымын пай-даланудың төлемақы тарифі төмендеудің орнына 2019 жылдың 13 қыркүйектегі Түркістан облыстық мәслихатының №42/437-VI шешімімен төлемақы тарифі тағы да қымбаттады. Бұл тиісінше ауданда мал шаруашылығының оның ішінде түйе шаруашылығының дамуына кедергілер тудырып, қолбайлау болып отырған жағдайы бар.

Осы жағдайға байланысты аудан әкімдігі тарапынан аудандағы орман қоры жайылымдарын пайдаланудың төлемақы ставкаларын қайта қарау жөнінде облыстық мәслихатқа ұсыныс енгізу туралы 2016 жылы облыс әкімінің орынбасарларына, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу және жер қатынастары басқармалары басшыларына, облыс мәслихатының депутаттарына, соңғы рет 2022 жылдың 30 наурызында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев пен Түркістан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.А.Әбдуалиевке № 229-01/04-23/901 хаттар жолданған.

2022 жылдың 27 сәуірінде Шолаққорған ауылында аудан халқымен өткен кездесу жиынында облыс әкімі Ө.Е.Шөкеев облыстық мәслихат шешімімен бекітілетін аудан шаруалары үшін орман қоры жайылымын пайдалану тарифін төмендету жөніндегі Жуантөбе ауылының тұрғыны С.Жанұзақовтың өтінішіне байланысты Түркістан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.А.Әбдуалиевке орман қоры жайылымын пайдалану тарифін төмендету мәселесін қайта қарап шешу жөнінде тапсырма берді. Осыған байланысты облыс мәслихатының шешімімен облыста орман қоры жайылымын пайдалану тарифіне тиісінше өзгерістер енгізілер деген үміттеміз.

Алайда бұл мәселелердің бүгінгі күнге дейін нақтылы шешімінің табылмауы саланың дамуына біршама қолбайлау болып келгендігін жасыруға болмайды. Алдағы кезеңде бұл мәселелер оң шешімін тапса ауданда түйе шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туатыны сөзсіз.

Соңғы кезде Түркістан облысының әкімі Ө.Е.Шөкеевтің тікелей тапсыруымен облысымызда түйе шаруашылығын дамыту жөнінде бірқатар шараларды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры»АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы»АҚ, «Максимум»АИО қарасты «ЫРЫС»ШНҰ арқылы жеңілдетілген несие беру жолымен түйе шаруашылығын дамытуды қаржыландырудың іс-шаралар белгіленіп, оны іске асыруға байланысты жұмыстар қолға алына бастады. Облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы жобалық құны 7,6 млрд теңге болатын түйе сүтін өңдеу бойынша «GOLDEN CAMEL GROUP» инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілгенімен бұл шара жалғасын таппады.

Түйеден өндірілетін ет, сүт және жүн өнімдерінің емдік қасиеттері ата-бабаларымыздың және түйе шаруашылығы өнімдерін зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар тарапынан жоғары бағаланғандықтан түйе шаруашылығын дамытуға ерекше маңыз берілуі керек деп есептейміз.

Түйенің өркеш майы желді айдайтыны, қанды жүргізетіндігі, ісікті қайтаратындығы анықталған. Оны терінің жарылғанында, қиғақта, ішкі ағза әлсізденген жағдайда оны қуаттандыру үшін, қара желге қарсы және жарақат алғанда ем ретінде пайдаланған. Түйе сүтінің азықтық құрамы жоғары болғандықтан оны ішкі ағзаның қызметін реттеу, дене қуатын көтеру, ұйқыны жақсарту үшін емге ішкен. Сол сияқты кеңірдекшелердің созылмалы қабынуын күшәлә (эминиум) қосылған түйе шұбатымен емдеу өте жақсы нәтиже беретіндігі анықталған.

Өткен ғасырдың 80 жылдары Израиль мемлекетінің ғалымдары мен Алматы мал дәрігерлік институтының докторы Қазақ бальзамының авторы З.Сейтов пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы профессор А.Омбаев бастаған ғалымдар тобы ауданымызға арнайы іс-сапармен келіп Созақ өндірістік кооперативі мен «Бағдат» шаруа қожалығындағы түйені өсіру, түйе етін, сүтін, жүнін өндіру жағдайымен танысып қайтқан.

Сондай-ақ 2002-2012 жылдар аралығын-да Әл-Фараби атындағы қазақтың мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері ғылым докторы Қоныспаева Гаухар мен француз ғалымдары Конан Гаел мен Бернар Фае бастаған бірқатар ғылыми қызметкерлері түйе шаруашылығы өнімдерінің сапалық құндылықтары мен түйе шаруашылығының Қазақстан Республикасында даму ерекшеліктері тақырыбында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізген. Оның ішінде ауданымыздың түлегі Нұрсейтова Мөлдір Айтжанқызы ғылым докторы Г.Қоныспаеваның жетекшілік етуімен түйеден өндірілетін өнімдердің тағамдық құндылықтарын зерттеуде біршама нәтижелі жұмыстар жүргізгенін мақтанышпен айта аламыз.

Жалпы республикамызда түйе шаруашы-лығын дамытуға, түйе сүтін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар желісін кеңе-йтіп және олардың қалыпты жұмысын ұйымдастыруға маңыз беріп жетілдіруді қажет етеді. Түйе шаруашылығы мемлекет тарапынан қолдауға зәру. Бұл орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі республи-ка түйе шаруашылығы саласында қалыптас-қан жағдайға назар аударуы қажет деп есептейміз.

Соңғы жылдары аудан шаруашылық-тарында өсіріліп жатқан түйе түлігін көршіміз Өзбекстан елі кәсіпкерлеріне экспортқа шығарып сату жағдайлары орын алып отыр. Менің маман ретінде халқымыз үшін түліктің төресі болып есептелген Ойсыл қара тұқымын өз елімізде көбейтіп түйенің өнімділігі жоғары түрлерін шетелге шығарып сатуды доғарып, одан өндірілген өнімді ғана шетелге шығаруымыз қажет деп есептеймін. Өнімділігі жоғары түйе түлігін өсіруді ұлтымыздың брендіне яғни ұлт құндылықтарының біріне айналдыруға қол жеткізу бағытында жұмыстар жүргізе беретін боламыз.

Ауданымыздың түйе шаруашылығын дамыту жөніндегі әлеуеті жоғары. Келешекте ауданымыз республикадағы түйе шаруашылығы дамыған ірі аудан санатында болатынына сеніміміз мол.

Қ.СҰЛТАНҒАЗИЕВ, Созақ ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы