ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ДАҢҚЫ АРТА БЕРЕДІ

541 көрілім

Қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлға, кемеңгер ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туылғанына биыл – 177 жыл. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында Абай Құнанбайұлының өмір тарихын білу, оны тереңнен зарттеу, философиялық ой-толғамын бала санасына сіңіру маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Осы орайда, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ұлы ойшыл, ақын, сазгер Абай Құнанбайұлының 177 жылдығына арналған «Айттым сәлем, Қаламқас» атты әдеби-сазды кеші өтті. Абайдың рухани құндылықтарын, қазақтың ұлы ақынының өткені мен бүгінін бейнелейтін шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау – шараның басты мақсаты.


Атаулы шарада мәдениет үйінің өнерпаздарының сомдауымен «Абай жолы» романынан «Жайлауда» атты бөлімінен әдеби – музыкалық театрландырылған қойылым көрсетіліп, Абай өмірінің жарқын сәттері көрсетілді. Әдеби-сазды кешке қаламыздағы Е.Изатуллаев атындағы орта мектептің өнерлі оқушылары мен ұлағатты ұстаздары қатысты. Атап айтсақ, Дурдона Пахриддинова, Шахсанам Рустамова, Дана Мамадаминова, Шодиена Адилханова, Мерей Құрманбай, Диларам Анарбаева сынды мектеп оқушылары ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа нақышына, мәнеріне келтіре оқып, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. Шараға қатысушылар қаламыздағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Абай – мәңгі халқының жүрегінде» тақырыбында жасаған кітап көрмесімен танысып, ұлы ақынның шығармаларын тамашалады.


Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ұлы Абайға арналған кеш барысында «Түркістан» газетінің редакция меңгерушісі Ләззат Сарыбаева, ақын, сазгер Қаламқас Өтеуова, қалалық тілдерді дамыту орталығының маманы Айгерім Жұмабай, Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектептің ұлағатты ұстазы Ләззат Утешова сөз сөйлеп, Ұлы Абайдың мұрасы рухани жаңғырудың маңызды бағдары екендігі жайлы тұшымды ойлары мен ұсыныстарын тілге тиек етіп, шараға қатысушыларды Абай Құнанбайұлының 177 жылдығымен құттықтады. Тағлымы мен тәлімі мол шарада Абай туралы жан-жақты ақпараттар берілді. Сондай-ақ, кеш барысында Абай Құнанбайұлының “Айттым сәлем, Қаламқас”, «Желсіз түнде жарық ай», «Әсемпаз болма әрнеге», “Көзімнің қарасы”, “Сегізаяқ” және т.б әндері орындалды. Абай армандаған толық адам өнерлі, білімді, еңбекқор, адал, әділ, жылы жүректі, ыстық қайратты ғылым жолына түскен ізденімпаз болуы керек. Міне, осындай қасиеттерді бойына сіңірген мәдениет үйінің өнерпаздары керемет өнер көрсетіп, көрерменге әсерлі көңіл күй сыйлады.


«Арттағыға сөз қалсын,
Мойын салсын, ойлансын,
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса сол алсын» дейді ұлы Абай.
Ендеше, «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп хакім Абайдың өзі жырлап өткендей, көзі тірісінде өлмейтін сөз жазған, елінің ертеңіне елеңдеп, жастарға жол сілтеген ұлы ақынның шығармалары өшпес мұра. Ақын өлеңдерінің күн өткен сайын көмескіленбей қайта құны артып келе жатқаны соның айғағы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы