ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛҒАН СПОРТШЫНЫ ҚАРСЫ АЛДЫ

841 көрілім

Бүгін Түркістан теміржол вокзалында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы дүбірлі додалардың жүлдегері Назымханов Алихан Нұрланұлын қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Кузембаев Ерлан Бақытжанұлы және қалалық мәслихат депутаты, облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының басшысы Дәурен Тәңірбергенов қатысты.

Жиын барысында Ерлан Бақытжанұлы еліміздің даңқын көкке көтеріп, дзюдо күресінен 27 шілде мен 8 тамыз аралығында Ресейдің Владивосток қаласында өткен VII Халықаралық «ДЕТИ АЗИИ» спорттық ойындарында үшінші орынды олжалаған балуанға құттықтау білдіріп, қала тұрғындарының атынан алғыс айтты. Сондай-ақ, қарсы алу рәсіміне қатысушылар да ел үмітін ақтаған жас спортшыға ақ тілектерін білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Алихан Нұрланұлы бұған дейін де халықаралық, республикалық байрақты бәсекелерде жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, тұғыр биігінен табылған болатын.

Атап айтсақ, наурыз айында өткен Дзюдодан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатында екінші орынды қанжығаласа, сәуірде Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Дзюдо күресінен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия кубогінде қола медальді иеленді. Сонымен қатар, өткен шілде айында Таиланд астанасы Бангкокте өткен Дзюдо күресінен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында үшінші орынмен оралған еді.  Түркістанның мерейін асқақтатып, жерлестерін жетістіктерімен қуанышқа бөлеп жүрген Алиханға толағай табыстар, жарқын жеңістер тілейміз!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы