- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Рухани шаһарда ҚР еңбегі сіңген мемлекеттік қызметкер, әуесқой волейболшы Нарбек Исабековты еске алуға арналған волейболдан республикалық ашық біріншілік өз мәресіне жетті. Биыл екінші рет жалауы желбіреген доп додасына 9 команда қатысты. Жеңіс туы түркістандықтарға бұйырып, бірінші орынды «Түркістан» құрама командасы еншіледі. Сондай-ақ, екінші орын Шымкент қаласының «Достар» тобына бұйырса, үздік үштікті Қызылордадан келген «Бақсайыс» командасы қорытындылады.


«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме қазақта. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында және досымыз Нарбек Исабековті еске алуға арналған волейболдан ашық турнир ұйымдастырып отырмыз. Дәстүрлі сайыстың ауқымы жылдан-жылға кеңеюде. Биылғы бәсекеде тағы да түркістандықтардың асығы алшысынан тұрып, кубокты өзімізде қалдырдық. Атсалысқан барша Нарбектің достары мен әріптестеріне алғыс айтамыз», – деді Түркістан қаласы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас маманы Тимур Ахметов.

Нарбек Исабеков – Түркістан қаласы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің бас инспекторы болып қызмет жасаған. Жастайынан спортқа бейім ол елге қызмет ете жүріп, мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық турнирде екі дүркін чемпион атанған. Түркістандық әуесқой «Достар» волейбол командасында өнер көрсетіп, топты алға сүйреген. Шара барысында қатысушылар мен жанкүйерлерге арнайы дастарқан жайылып, Нарбек Ануарбекұлының рухына Құран бағышталды. Қара үзіп дара шыққандарға ұйымдастырушылардың атынан қаржылай сый-сияпаттар мен диплом, кубогтар берілді.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.
«Түркістан».