«Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллионнан аса адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама адам, жасөспірім бала бар. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырды»
Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ең алдымен твиттерде, кейін Алматы қаласына сапарында мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керектігін тапсырған еді. Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент: «Елімізде, оның ішінде Алматыда жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті» деді.
Расында, әлем бойынша жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде болатын өлім-жітім саны алдыңғы қатарда келеді. Ол, әсіресе, ірі мегаполистер мен халық шоғырланған орталықтарда көп кездесетіні анық. Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары С.Шотаевтың айтуынша, соңғы жылдары облыста жол-көлік оқиғасының (ЖКО) саны артып кеткен. Өткен жыл бойынша ЖКО саны 20 пайызға көбейіп, апаттан қаза болғандар саны 11 пайызға, зардап шеккендер саны 22 пайызға артқан екен.
Бұл жағдай адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер ететіні белгілі. Халықаралық туристер үшін елді мекендердің қауіпсіздігі мен қозғалыс мәдениетіне де басымдық беріледі. Сондықтан халықаралық қауымдастық та көлік апаты мен оның зардабы турасында дабыл қағып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылы ұсынған деректері бойынша:
– Жыл сайын әлемде жөл-көлік оқиғаларының нәтижесінде 1,35 миллион адам қаза табады.
– Тұрақты дамудың 2030 жылға дейінгі күн тәртібінде масштабты міндеттер қойылған: 2020 жылға қарай дүниежүзі бойынша ЖКО нәтижесіндегі өлім мен жарақаттың санын екі есе қысқарту көзделген.
– Жол-көлік оқиғалары көптеген мемлекеттердің жалпы ішкі өнімінің 3 пайызы көлеміндегі шығын келтіріп отырады.
– Әлемнің жолдарында қаза тауып жатқан азаматтардың жартысынан көбі «жол жүргіншілерінің әлсіз тобы», яғни, жаяу жүргіншілер, велосипедші және мотоцикл тебушілер болып саналады.
– Жолдардағы өлім-жітімнің 93 пайызы табысы төмен және орташа мемлекеттерге тиесілі, бірақ осындай елдерде әлемдегі барлық көлік құралдарының 60 пайызы бар.
– Жол-көлік оқиғаларының нәтижесіндегі жарақаттар 5-29 жас арасындағы азаматтардың өлімінің негізгі себебі болуда.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 345-бабында көлік құралдарын басқаратын адамдардың жолж үрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғандықтары үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылған.
ҚК-нің 345-бабында белгіленген қылмыстық жауаптылық автомобильді, троллейбусты, трамвайды не басқада механикалық көлік құралдарын (мотоциклдер, мотороллерлер, жол, құрылыс және басқада арнаулы машиналар) басқарушы адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа, ауыр зиян келтіруге немесе кісі өліміне әкеп соққан жағдайларда туындайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың тікелей объектісі – көлікқ ұралдарының қозғалыс және пайдалану қауіпсіздігі, қосымша объектісі – жәбірленуші адамның денсаулығы мен өмірі не мүлкі болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі – қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде 16 жасқа толған, автомобильді, троллейбусты, трамвайды не басқада механикалық көлік құралдарын басқарушы адамдар. Қылмыстық құқық бұзушылық субъективтік жағынан тек қана абайсыздықтан жасалады. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын көлік құралын басқарушы адамның көлік құралдарының жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын әрекет немесе әрекетсіздік жасау арқылы бұзуы, одан абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтірілуі болмаса өліміне әкеліп соқтыруы, іс-әрекетпен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыс құрайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы – материалдық, яғни осы баптың диспозициясын да көзделген зардаптарға әкеліп соқтырған жол – көлік оқиғасының орын алуы қажетті және міндетті.
ҚК-нің 345-бабында көзделген көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамы бойынша абайсызда жасалатын қылмыстарға, ал санаты бойынша ҚК-нің 11-бабына сай ауырлығы орташа қылмыстардың қатарына жатады.
Ескеретін жағдай, ҚК-нің 345-бабында көзделген көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар, өзінің кезегінде қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай, ҚК-нің 10-бабында берілген түсіндірме – ұғымдарға сәйкесті қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді.
Автокөлік тарихының басталғанына бірнеше ғасыр болғанына қарамастан, автокөлік индустриясының даму қарқыны жыл сайын өсуде. Қазіргі таңда автокөлік қоғамда өзіндік орны бар мүлікке айналып, жол қозғалысының ажырамас бір бөлігін құрайды. Бұл үдеріс біздің елімізде де байқалады. 1991 жылы Қазақстанда жалпы алғанда 1,4 млн.-ға жуық автомобиль, соның ішінде 372 мың жүк автомобилі, 54 мың автобус, 849 мың жеңіл және 119 мың арнайы автомобиль болды [1]. 20 жыл өткеннен кейін жолдағы шетелдік өндірістегі жоғары жылдамдықты көліктер қатары көбейіп, ол 3553,8 млн. құрады [2]. Барлық көлік құралдарын пайдалану арқылы жүк тасымалы 2011 ж. 2974,9 млн. тонна болса, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 22% тоннаға артық.
Дегенмен, көлік түрлері мен санының артуы салдарынан көлік қылмыстарының көрсеткіші өсіп, онда зардап шеккендердің күрт өсімі байқалды. Ал көлік қылмыстары ішінен алдыңғы қатарды жол-көлік оқиғалары құрады. Бұл жол-көлік оқиғалары мен оның қоршаған ортаға, адам өмірі мен денсаулығына тигізетін теріс салдарын, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін кезек күттірмей шешу қажет екендігін көрсетеді. Бұл ретте «Автокөлік өлімінің» әлем бойынша қатерлі ісік пен жүрек-тамыр ауруларынан кейін үшінші орынға шығуы таңғаларлық жағдай емес. Біріккен Ұлттар ұйымының баяндамасы бойынша жыл сайын 1,3 млн. адам жол-көлік апатынан қайтыс болса, күніне үш мың адам көз жұмады, ал 20 млн. адам жол апатынан жараланады. Дамыған елдерде соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының құрбандарының көрсеткіші орта есеппен 10% артты. Сондай-ақ автокөлік қозғалысындағы адам өлімі көрсеткіші өзен-теңіз көлігінен – 12 есе, темір жол көлігінен – 3 есе, әуе көлігінен – 1,5 есе жоғары.
Бұл үдерістен біздің республикамыз да қалыс қалмауда. Республикадағы жыл сайын автокөлік санының артуы мен жол жүрісінің интенсивтілігі, қоршаған ортаға бірқатар теріс салдарын тигізеді. Республика қалаларының инфраструктурасы мен көліктердің көшедегі қозғалысы «автокөлік санының күрт өсуіне» арналмаған, объективтік себептерден мемлекет тарапынан жол-көлік қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі мен олардың салдарынан орын алатын көлік апатынан сақтан-дыру дерлік мүмкін емес. Жолдардың қарқынды қозғалысқа арналып салынбауы көлік жүргізушілерін жол-көлік ережесін бұзуға «итермелейді».Тәжірибе көрсеткендей жалпы ЖКО-ның мынадай түрлері болады: көлік құралдарының соқтығысуы; көлік құралдарының аударылуы, төңкерілуі; жүргіншіні басып немесе соғып кету; тұрған адамды басып немесе соғып кету; жолаушылардың көлік құралынан құлауы немесе тағы басқа оқиға.
Т.Оңғарбаев, Түркістан облыстық сотының судьясы