ӘКІМШІЛІК ІСТЕРДЕ ТАЛАП ҚОЮДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

348 көрілім

2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) қабылданып, аталған Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Осы Кодекстің 139-бабының 1-бөлігіне сәйкес, талап қоюды қамтамасыз ету негіздері, шаралары, оларды ауыстыру және олардың күшін жою, талап қоюды қамтамасыз ету тәртібі, осы бапта көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
Талап қоюды қамтамасыз ету қағидалары АПК-нің 15-тарауында қаралған.
Іске қатысатын адамдардың, төрелік талқылау тараптарының арызы бойынша сот істің қандай жағдайында болмасын, егер осындай шараларды қабылдамау соттың шешімін орындауды қиындатса немесе мүмкін етпейтіндей болса, талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдай алады.
Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар бойынша қолданылуы мүмкін: жауапкерге тиесілі және оның өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлікке тыйым салу; жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу; басқа тұлғалардың орындау мерзімі жеткен міндеттемелер бойынша мүлікті жауапкерге беруіне немесе заңда немесе шартта көзделген өзге де міндеттемелерді жауапкерге қатысты орындауына тыйым салу; мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қою берілген жағдайда мүлікті өткізуді тоқтата тұру; мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының дауланып отырған құқықтық актісінің қолданысын тоқтата тұру; борышкер сот тәртібімен даулайтын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру; кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру; дауланып отырған актілерді және сот орындаушысының өндіріп алуды мүлікке айналдыруға байланысты атқарушылық іс жүргізуде жасайтын әрекеттерін тоқтата тұру болуы мүмкін.
Қажетті жағдайларда сот АПК-нің 155-бабының 1-бөлігінде көрсетілген мақсаттарға сай келетін, талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін.
Көрсетілген тыйым салулар бұзылған кезде кінәлі адамдар заңдарда белгіленген жауапты болады.
Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талап қоюшының мәлімдеген талабына сай болуға және үшінші тұлғалардың жария мүдделері мен мүдделерін бұзбауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы №2 «Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы» нормативтік қаулысының 7-тармағына сай, қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды қараған кезде сот қамтамасыз ету шараларының талапкер (арызданушы) мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келетіндігі, мәлімделген талаптарға парапарлығы, сот актісін орындауды қиындату немесе орындатпау мақсатында жауапкер жасауы мүмкін әрекеттердің жолын кесуді қамтамасыз ете алатындығы туралы мәселелерді зерттеуі керек.
Егер сот талапкер арызында көрсеткен қамтамасыз ету шараларының ол мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келмейтіні туралы тоқтамға келсе, онда аталған қамтамасыз ету шараларымен талапты қамтамасыз ету туралы арызды қанағаттандырусыз қалдырады.
Соттың қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығаруы талапкердің немесе оның өкілінің осындай шараларды қабылдаудың қажеттігі туралы жаңа дәлелдерді көрсетіп, талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдау жөнінде сотқа қайта арыз беруіне кедергі келтірмейді.
Сот өз бастамасымен қамтамасыз ету шараларын қабылдай алмайды.
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды, егер ол талап қою арызына қоса берілсе немесе бұл туралы талап қою арызында көрсетілсе, азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күні судья қарайды және шешеді. Қалған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья арыз сотқа келіп түскен күні шешеді.
ӘРПКнің 139-бабының 2-бөлігіне сәйкес, талап қоюмен бір мезгілде келіп түскен талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы бес күндік мерзім өткен соң талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз келіп түскен кезде арызды судья ол сотқа келіп түскеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шешеді.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Шарханов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы