СЫН САҒАТТА НАҚТЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

635 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент өз сөзінде еліміздің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына, сондай-ақ инфляция мен инвестиция мәселесіне, халық табысының өсу көрсеткішіне тоқталып өтті. Ол халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау үшін ең алдымен жергілікті орындарда тиімді жұмыс жүргізумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу керек екендігін ерекше атап көрсетті.
Жаңа жұмыс орындарының ашылуы халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне тікелей әсер ететіндігін және ел экономикасының тұрақты дамуы да осыған байланысты екендігін айта келе, халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға, қазіргі кездегі жағдайымызды қалыпқа келтіруге бағытталған бірқатар орындалуға тиісті міндеттерді Үкімет алдына қойды: 1) Инфляцияны тұрақтандыру; 2) Азаматтардың табысын арттыру және адами капиталды дамыту; 3) Ақшалай-кредиттік және салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру; 4) Экономиканың нақты бағыттарына қолдау көрсету; 5) Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; 6) Автожол инфрақұрылымын дамыту.
Жалпы, Мемлекет басшысы Үкіметтің жұмысын орташа бағалайтындығын, қазіргі кезеңде Үкіметке босаңсуға болмайтындығын, керісінше жұмыс қарқынын жаңа әрі тың әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, күшейтуге тиісті екендігін айтты. Өйткені, Үкімет нақты реформаларды ұсынатын және жүзеге асыратын еліміздегі басты мемлекеттік орган. Елімізде білімді және дарынды экономистер, кәсіпкерлер көп, бірақ олардан түсіп жатқан нақты ұсыныстар жоқтың қасы. «Сондықтан күзге қарай, мүмкін, кадрлық өзгерістер қабылдайтын шығармыз, ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екендігі түсінікті», – деді Мемлекет басшысы.


Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы