ШЫНДЫҚТЫ ШЫРҚЫРАТЫП АЙТҚАНЫ ДҰРЫС БОЛДЫ

546 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы елімізде және әлемде болып жатқан жайларды шырқыратып бар шындықты айтқанын көріп отырмыз. Расында, еліміздегі жағдай аса күрделі. Мұны Үкімет те, жергілікті биліктегі басшылар да дұрыс қадағалап отыр деп айта алмаймыз.
«Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады.
Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек.
Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», – деуі бұл ендігі жерде ешкімге де әке-көкелеп қарайлауға уақыт жоқ екендігін көрсетеді.
Мемлекет басшысының үш бірдей министрге сөгіс жариялауы елдегі ахуалдың тым төзгісіз жағдайға жеткендігін көрсетеді. Мұны бірлесіп шешудің жолдарын да көрсетіп отыр.
«Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал, Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс», – деп жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудың алдыңғы қатарға шығарылып отырғандығын көрсетті. Мемлекет басшысының аузынан шындықтың беті ашылғаны жөн болды.
Сондықтан, ендігі жерде үлкенді-кішілі барлық проблемалар ашық та, шынайы түрде талқыланып, елмен ақылдаса отырып, мемлекетті жаңа жобаларды жүзеге асыруына мұрындық бола білуіміз керек.


Бораш Мырзалиев, экономика ғылымдарының докторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы