Бүгін қаламыздағы «Гүлдер» саябағында «Бейбітшілік және келісім» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Еуропа-Азия» халықаралық шеруінің өкілдерін қарсы алу рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Кузембаев Ерлан Бақытжанұлы және қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Сәкенұлы қатысып, қонақтарға жылы лебіздерін білдірді. Көк туды желбіреткен шеруге қатысушылар алдымен «Есім хан» алаңымен жүріп өтті.

Шеру мүшелерінің айтуынша, биылғы жылы 16-шы рет өтіп жатқан дәстүрлі шеру Нұр-Сұлтан қаласынан басталып, Қарағанды, Алматы, Бішкек, Тараз, Шымкент қалаларына тоқтаған. Түркістан қаласы 3 мемлекет, 16 қала қамтылатын «Бейбітшілік және келісім» шеруі жеткен жетінші қала.

Топ жетекшісі Абдуллин Руслан қазақтың киелі «жеті» саны Түркістанмен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, тарихи шаһардың маңызы мен болашағы жайында тебірене сөйледі. Ал топ мүшелері алаңға жиналған тұрғындарды жарқын болашаққа бастайтын бейбіт өмірге үлес қосуға шақырды.

Бұдан әрі жиын қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының әуезді әндеріне ұласып, шерушілердің Қ.А.Яссауи кесенесіне зияратымен жалғасын тапты.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
