ЖАСАРЫП, ЖАҢҒЫРҒАН ЖІБЕК ЖОЛЫ

625 көрілім

Жібек жолы ауылдық округі Сауран ауданы орталығынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Екі елді-мекеннен құрылған, яғни Сауран және 30-разьезд елді-мекендері. Жалпы, халық саны – 2531 адам болса,370 отбасын құрайды. Сауран ауылында 253 отбасы, 1732 адам, 30-разьезд 117 отбасы, 799 адам тұрады. Олардың ішінде қазақтар – 2487 адам, 98,4%, өзбектер – 43 адам, 1,6%, құрайды. Тыл ардагерлері – 6, «Батыр аналар» – 5, «Алтын алқа» – 48,«Күміс алқа» – 56, Жастар (14-29 аралығында) 505 (242 – ерлер, 263 – әйелдер).

Жібек жолы ауылдық округі әкімі аппараты 2021 жылға бекітілген жоспар негізінде жұмыс атқарды. Ауылдық округі әкімі аппаратында 6 қызметкер, оның ішінде 4-і мемлекеттік қызметкер, 2-і келісім-шартпен жұмыс істейді. Ауылдық округі әкімі аппаратына 2021 жылдың 12 айында мекемелерден 280 қатынас хат келіп түсіп, жауап берілген, мекемелерге 307 шығыс хат жолданған.

Ауыл округі әкімі аппаратына жеке азаматтардан келіп түскен өтініштерге, жеке қабылдауда болған азаматтарға «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауап берілді.

КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕНТІП ОТЫРҒАНДАР КӨП

Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Әшірбековтың баяндауынша, жергілікті бюджеттің салық төлеу базасын құрайтын барлық субьектілерді қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп салық төлеуіне жататын салық базаларының есебі алынды. Бес азық түлік дүкені бар.

Ауылдық округі бойынша жалпы жер көлемі 41232 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 39546 гектарға жетеді. Суармалы жер көлемі 2060 гектар, тыңайтуға қалдырылғаны 660 гектар. Бау –бақша мен азық түлік дақылдарын егуге 886 гектар жер бөлінген. 33127 гектар жерге мал жайылады. Шабындық жердің көлемі 2831 гектар. Ауыл тұрғындары негізінен мал өсіреді. Бірқатары бау-бақша өсіреді.

Жібек жолы ауылдық округі бойынша үш жақты келісімдегі тапсырмалардың орындалуы жүз пайыз атқарылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімі жоспарда 2513,0 деп көрсетілсе 2620,0-ге орындалып, 104 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 70 миллион теңгеге жеткізілді. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі қорына бес миллион теңге қаржы құйылды. Егістік жерлерді игеру көлемі 1404 гектарға жетті.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға кәсіпкерлердің өзі бас болып кірісуде. Мал сапасын күшейтуге де баса назар аударылуда. Мәселен, аналық түйе басын сатып алуға 288 миллион теңге жұмсалды. Қазіргі таңда ауыл кәсіпкерлері жылыжай шаруашылықтарын дамытып, қарқынды бау өсірумен шұғылдануда. Фермерлік шаруашылықтар 170 бас ұсақ малды яғни, асыл тұқымды қой ешкілерді сатып алды. 125 бас ірі қара малды несиелік жолымен сатып алуға аналық малдарды тұқымдық түрлендіруге жұмсады.

ЖЕРГІЛІКТІ ИНВЕСТОРЛАР АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУДЕ

Ауылдық округтің негізгі капиталына салынған жеке инвестиция көлемі де айтарлықтай. «Жәңгір» жеке кәсіпкерлік нысаны жаңбырлатып суғару технологиясын сатып алуға 40 миллион теңге жұмсады. «Ныш-Ер» ЖШС жаңа техника алуға 10 миллион теңге жіберді. «Ysd–агро» ЖШС тамақ өнімдерін ұқсата пайдалану өндіріс базасына 5 миллион теңге жұмсаса, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 15 миллион теңге шығарды. Жібек жолы ауылдық округінде «Аруана» шаруа қожалығы 0,2 гектарға жылыжай салып, қызанақ пен қияр өсіруде. «Нұрлан» шаруа қожалығы 0,1 гектарға жылыжай салып, өнімдерін нарыққа шығаруда.

Ауылшаруашылығы саласы ауыл округін-дегі негізгі сала болып табылады. 2021 жылы Жібек жолы ауылдық округі бойынша 1404 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Оның ішінде 350 гектарға бау бақша егіліп 12170 тонна өнім жиналды. 150 гектарға көкөніс егіліп, 4740 тонна жиналды. Картоп 210 гектарға отырғызылып, 5370 тонна өнім жиналды. Дәндік жүгері 200 гектарға егілсе, сүрлемді жүгері де 200 гектарға егілді. Одан алты мың тонна жүгері алынды. 294 гектар жерге жоңышқа егіліп, жылына екі қайтара орып алды.

Өткен жылы Жібек жолы ауылдық округі бойынша агроқұрылымдар 110 тонна жанар-жағармай алып, егістік жерлерін игеруде. Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында ауылдық округтен 20 жоба бекітіліп, іске асырылуда. Түркістан облыстық ауылшаруа-шылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне ауылдық округінен агроқұрылымдар өздерінің өнімдерін шығаруда.

Мал шаруашылығы саласы да дамып келеді. Жібек жолы ауылдық округі бойынша жалпы мал басы саны ірі қара 2663-ке, уақ мал 23114-ке, жылқы 482 басқа түйе 735 басқа жетті. Құс шаруашылығында 2258 тауық бар. Қазір шаруа қожалықтары мал тұқымын асылдандыруға көп көңіл бөлуде.

БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Жібек жолы ауылдық округінде білім беру саласы бойынша 2 мектеп жұмыс істейді. «Сауран» жалпы орта мектебіндегі қызметкерлер саны – 80, оқушылар саны 420 оқушы, «30-разьезд жалпы орта мектебінде қызметкерлер саны – 45,оқушылар саны – 160. Ауылда «Көркем» бөбекжай бала бақшасында 25 қызметкер жұмыс істейді. Онда 3 топта 70 бала тәрбиеленуде. Былтырғы Ұлттық бірынғай тест қорытындысы бойынша мектеп бітірушілер саны – 37 болса, олардың 31-і тестілік сынаққа қатысты. Оның ішінде екеуі «Алтын белгі» алса, біреуі «Үздік аттестат» иесі атанды. 11 мектеп бітіруші мемлекеттік грантқа ие болды. Барлығының орташа балы – 80,0 болды. Бұл үлкен көрсеткіш.

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕККЕ МҰҚТАЖДАР ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАМТЫЛУДА

Округ аумағында 2 ФАП жұмыс атқарады. Жалпы, медицина саласында 6 адам жұмыс істейді. Халықтың денсаулығын қадағалау, емдеу мақсатында емханада 2 жоғары білімді дәрігер, 2 орта арнаулы білімді медицина қызметкерлері, 2 кіші мейірбикелер жұмыс істейді. Ауылдық округінде атаулы әлеуметтік көмек бойынша 2021 жылдың 12- айында 10 отбасы құжат қабылдап, барлық отбасыға 3 102 270 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, әлеуметтік пакет берілді. Төтенше жағдайға байланысты қайырымдылық қоры ұйымдастырылып, Жібек жолы ауылдық округі бойынша тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларына көмек көрсетілді.

Бір отбасына «Халық банк» Қоры арқылы 50000 теңге көлемінде азық-түліктей көмек берілді. «Елбасы жылуы» акциясында 2 отбасыға 50000 теңге көлемінде азық –түліктей көмек берілді. «Дослик» ЖШС басшысы А.Маннатов алты отбасыға азық-түлік, жеміс жидектермен көмек берді. Ауыл округінде көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарының іс-шаралары жасалып, бекітілді. Бекітілген іс-шараға сәйкес, 2021 жылдың 12 айында 35 рет сенбілік ұйымдастырылып, нәтижесінде 58 тонна күл-қоқыс арнайы полигонға төгілді. Жасыл аймақ бағдарламасы бойынша екі елді-мекенде 1000 көшет егілді.

«AMANAT» партиясының мүшесі, Сауран аудандық мәслихатының хатшысы Мейрамбек Күнпейсов 2 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетті. «Қамқорлық» бағдарламасы шеңберінде «Аруана» шаруа қожалығының төрағасы Ерғазы Жусупов 1 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетті.

АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Округ бойынша 2 клуб, 2 кітапхана орналасқан. Жібек жолы ауылдық кітапхана №27 кітап қоры – 13872 мәдени шара 12, 30 –разъезд ауылдық кітапхана №26, кітап қоры – 8621, 10 мәдени іс-шара өткізілді. Жібек жолы ауыл округінде 2021 жылы 43 мерекелік–мәдени іс шаралар атқарылды.

Жібек жолы ауылдық округі бойынша мектептерді қоспағанда 2 кіші футбол алаңы бар. Ауыл жастар арасында футболдан ауыл-дық округі чемпионаты ұйымдастырылады.

Жібек жолы ауылдық округі бойынша Сауран  елді-мекеніде  1  пошталық байланыс бөлімшесі  жұмыс   жасауда.  Аталған поштада мемлекеттен зейнетақы,жәрдемақы және т.б әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтер көрсетілуде. Жібек жолы ауылдық округі  бойынша  табиғи  газбен   қамтамасыз ету кезек күттірмейді. 30-разъезд елді-мекеніне Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық автомагистралынан елді-мекенге бұрылатын бұрылыс ашу туралы Аудан әкімі Ғани Рысбековпен ауыл тұрғындарының кездесуінде айтылды. Бұл екі мәселе де жақында шешімін табатын түрі бар.

КӨНЕ САУРАНҒА КЕЛУШІЛЕР КӨБЕЙГЕН

Жібек жол ауылдық округінің аумағында орналасқан көне Сауранды қалпына келтіру жұмыстары басталғалы оның тарихына қызығушылар мен шетелдік саяхатшылар үзілмейді. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Биіктігі 6 м қабырғамен қор-шалған қалашықтың өлшемі солт-шығыстан оңт-батысқа қарай 800 м. солт.-батыстын оңт-шығысқа қарай 500 м мәдени қабатының биіктігі 2 м. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған.

Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 – 18 ғасырларға жататынын дәлелдейді.

ЖЕТІ ҚАТАР ҚОРҒАНЫС ҚАБЫРҒАСЫ БАР

Ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шека-ралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралы-ғында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.

Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ.

Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады.

ТЕРБЕЛМЕЛІ МҰНАРА ТАРИХЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛАР КӨП

Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған.

Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.

Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ, шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қал-дықтары қазылып, олардың сақталған бөлік-тері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды.

Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады.

Ауыл әкімі Мейрамбек Әшірбековтың айтуынша, қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауданның да бірқатар мәдени шаралары осында өткізіле бастады. Бұл өз кезегінде Жібек жол ауылдық округінің қазынасына қаржы құятын туристік бағдардың бірі болып қалмақ.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы