БІР ТОП ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

163 көрілім

Тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті бақылау – бұл полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті болып табылады. Бүгінгі күннің батырлары мен полиция ардагерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бір топ полиция қызметкерлерін марапаттады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігі Көліктегі Полиция департаментінің Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімі мен Түркістан қалалық полиция басқармасына ат басын бұрған шаһар басшысы полиция қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, алғыс хат пен сый-сияпаттар жасады.

Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді. Қазақстан полициясы – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімін білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсету болып табылады. Бүгінде облыс орталығының тыныштығын сақтап, киелі шаһарға келген туристердің қауіпсіздігін сақтауда Сіздердің атқарып отырған еңбектеріңіз зор. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, еңселі егеменді еліміз әрі қарай қарыштап дами берсін, – деді қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.


Сондай-ақ, шара барысында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Сапар да әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.Қиын да жауапты қызметтеріңізде толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді.
Өз кезегінде біз де елдегi тәртiптi қамтамасыз етіп отырған барлық тәртіп сақшыларын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары