«AMANAT» партиясының Сауран ауданы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында 2022 жылы 20,1 км жолдарды жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жұмыстар басталып кетті.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС-гі тарапынан Сауран ауданы, Шорнақ ауылының жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын Сулейменов және Шаяхметов көшелеріндегі автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына 833 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі кезде жол төсеу жұмыстары жүргізілуде.

«Әлем Транс Жол» ЖШС-гі тарапынан Құсшы ата елді мекеніне кіретін автомобиль жол нысаны 7,5 шақырымды құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Қаралған қаржы 1 074 млн теңге. Нысандағы жөндеу жұмыстарын 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ағымдағы жылы жұмыс-өндірістік кестеге сәйкес, жолдың біршама учаскісінде асфальттың үстіңгі қабатын фрезалау, жарамсыз жол учаскілерінде асфальт жабынын бұзып (киркование) жол негізін қайта қалпына келтіру және екі қабат асфальт жабынын салу жұмыстары атқарылмақ.

Сонымен қатар, сметалық құжаттамада жол бойындағы елді мекендердің ішіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу, жасанды жол кедергісі (ИДН) және тиісті жол белгілерін орнату қарастырылған. Сондай-ақ, ағын судың өту көлемін ұлғайту үшін, ескірген су өткізгіш құбырлары ауыстырылады.
