ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ

714 көрілім

Ел қауіпсіздігі жолында қызмет ету оңай шаруа емес. Қоғам тыныштығын күзетіп, көше тәртібін қадағалап жүрген полицейлер күн сайын түрлі күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп жатады. Мемлекетімізде осы абыройлы міндетті атқарып, бейбіт күнде қызметтік парызын орындау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері көп-ақ. Бірі адам өмірін арашалап қалса, екіншілері өзгенің өмірі үшін өз жанын қиып қыршынынан кетті. Қандықол қылмыскерлердің қолына түсіп, қауіп-қатерге толы қызметін абыроймен атқару жолында қайтыс болғандар да жетерлік.

Сол батырлардың бірі Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде 1963 жылы 28 сәуірде дүниеге келген Айтжан Ғайбуллаев. Ол 1970-1980 жылдары бұрынғы Куйбышев атындағы орта мектепте білім алып, Германия мемлекетінде екі жыл әскери борышын өтеп келіп, еңбек жолын Түркістан ауданаралық базасының жұмысшысы болып бастаған. 1981-1983 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеген. 1984-1989 жылдары Шымкент қаласындағы «Үшқайқұрылыс комбинатында» қалыптаушы болып жұмыс істеген. 1990 жылы Кентау қалалық комсомол комитетінің жолдамасымен Кентау қалалық атқару комитеті IIБ патрульдік милиция қызметі бөлімшесінің милиционері лауазымына тағайындалып, өз қызметін абыроймен атқарған. 1996 жылы 9 тамызда белгісіз азаматтардың жаппай бұзақылығын тыю барысында көптеген дене жарақаттарын алып, қызмет барысында қаза болған.

«Біз Айтжан екеуміз 1987 жылы отау құрдық. Оның жастық шағының бәрі ауылда өткен. Өзінен басқа 8 бауыры бар. Қазірде бауырларының әрқайсысының кәсібі бар, отбасы бар. Айтжан әрдайым өз қызметінен де, бауырларынан да жәрдемін аямайтын. Ол 1996 жылы қызмет бабымен жүргенде бұзақылардың қолынан қаза тапқан болатын. Оның Динара, Анар, Ержан есімді балалары артында қалды. Бүгінде олардың өз отбасылары бар, немерелеріміз бар. Айтжан халқының есінде. Әріптестері мен достары, туыстары мен балалары, ауылдастары Айтжанның рухына әрдайым тағзым етіп, оның адамдық болмысы мен жарқын келбетін мәңгі жадында сақтайды”, деді жары Гауhар.

Бүгінде еліміздің әр аумағында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан ерлерге арнайы ескерткіш тақталары орнатылған. Халық тыныштығы жолында өмірін қиған тәртіп сақшылары ешқашан ұмытылмайды.  

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы