МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ КӨТЕРІЛДІ

604 көрілім

Күллі адам баласы бас иіп,ғұмыр бойы ризашылығын білдірер жан- ұстаз екені баршамызға мәлім. Осы бір құдіретті ұғымның шын бағасына лайық жандардың бүгінде мәртебесі көтеріліп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында педагогтердің жалақысын арттыруды тапсырған болатын. Жолдау аясында 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Биылғы жылы 75 пайызға көтерілді, келесі жылы 2 есеге арттыру жоспарлануда. Осындай қуанышты жаңалықты естіген барша ұстаздар қауымы қуана бөріктерін аспанға лақтырғандары да жасырын емес. Білім мен тәрбиені шәкірт бойына қатар дарытып, қағазбастылықтың астында қалған мұғалім еңбектерінің еленгені, абыройларының асқақтағаны кімнің болмасын көңіліне медет сыйлағаны анық. Себебі, ұстаздардың еңбегі ерен, қашан да құрметке лайық жандар.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, Түркістан облысындағы мектептер саны – 951, оның 47-сі жекеменшік мектеп. Ал, мектептегі мұғалімдер саны – 62906. Мектеп мұғалімдерінің орташа айлық көрсеткіші – 275 мың теңгені құрайды. Жалақының көтерілуі олардың категорияларына және тапсырған тесттің нәтижесіне байланысты. Педагог категориясының біліктілік санаты мынадай: педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог- зерттеуші, педагог- шебер. Осы аталған санаттан өткен ұстаздардың жалақысы басқалармен салыстырғанда едәуір жоғары.

Болашақ педагогтер де президент назарынан тыс қалған емес. Педагогтер жалақысынан бөлек, педагог мамандығында оқитын студенттердің де шәкіртақысы көтерілді. Бұл – ұстаздың қоғамдағы беделін арттыруда жасалған алшаң әрі нық қадам. Бар ғұмырын ұлт болашағына, ұрпақ тәрбиесіне арнайтын болашақ ұстаздардың жауапкершілікті ерте бастан сенуі де өздерін келешекте мәртебесі биік тұлға болуына осы бастан сеп болады.

Барлық мамандықтардың ішіндегі ең жоғарғы шәкіртақыны педагог мамандығында оқитын білім алушылар алады. Осы жайында өңірдегі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің болашақ ұстаздарынан сұрап көрген едік.

Кенжебекова Балдәурен Қайратқызы, биология мұғалімдерін даярлау мамандығының студенті:

«Президентке және үкімет басшылығына ризашылығымды білдіремін. Себебі, педагог мамандығының қаншалықты маңызды екенін түсініп, қазіргі уақытта дәрежесін көтеріп жатқанына алғысымызды айтамыз. Педагог, яғни ұстаз мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, бір ғана адамның өмірі емес қаншама бала өмірі ұстазға байланысты. Қазіргі уақытта педагог шәкіртақысы 50480 теңге».

Абдухулова Аида Юсупбекқызы, бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының студенті:

«Қазіргі таңда, әсіресе карантин уақыты халыққа педагог пен медиктер халық үшін ең маңызды жандар екенін ұғындырды. Болашақ педагогтердің шәкіртақысын көтергенін өзім құптаймын, негізі әрбір саланы оқу оңай емес. Оның ішінде кішкентай балалармен жұмыс істеу ең қиыны. Мен, 60400 теңге көлемінде шәкіртақы аламын».

Болашақ ұстаздармен қатар, ұстаздық жолда қызмет етіп жүрген жас мамандардың пікірімен де бөліскенді жөн санадық.

Өмірбек Нұрлыбекұлы Нышанбеков, Жаратылыстану бағытындағы олимпиадалық резерв дайындайтын N28 мектеп-лицейінің мұғалімі:

«Бүгінгі заман білімділер мен біліктілердің заманы болып тұр ғой. Кез-келген мекемеге жұмысқа орналассаңыз сізде 3 айлық сынақ мерзімі бар. Егер сол уақытта өзіңізді дәлелдей алсаңыз, алдыңызда даңғыл жол. Бізде де дәл сондай кезең болды. Сынақтан өттік, ары қарай жүре бердік. Қазір, тәубе артымыздан жаман сөз еріп жүрген жоқ. Университетте алған білімімізді , тәжірибеміздің барлығын жұмысқа салып жатырмыз. Еңбек өтілдері ұзақ мерзім болған ұстаздардың айтуынша бұрын жалақы төмен болған екен. Қазір жаман емес. Жас маман ретінде өз айлығыма көңілім толады. Ең бірінші, «алмақтың да, салмағы бар» деген сөзді ұмытпау керек шығар… Қазіргі мұғалімдердің еңбегіне қарап, оларға қанша жалақы берсеңде жарасымды. Бірақ мұғалімдер жалақысын өсірумен қатар мұғалім болып жұмыс істеу талабын күшейту керек сияқты. Сонда арасынан нағыз мықтылар қалады. Нағыз ұстаздар шығады. Сол себепті, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысында әбден тексеріп алу керек шығар. Содан кейін барып айлықты қанша көбейтсе де өз еріктері».

Арқалық Әмәлятұлы, Түркістан қалалық №28 мектеп-лицейі КММ-нің мұғалімі:

«Егер нағыз маман иесі болсаңыз, алған дипломыңыз табан ет маңдай теріңіздің жемісі болса жұмысқа тұрудың қиындығы жоқ. Себебі шын асыл қашан да жерде жатпайды. Қолыма диплом алған күннің ертесі жұмысқа кірдім, мен үшін қиын болған жоқ. Қазіргі таңда қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ беремін. Категория жоғарлату үшін ізденген дұрыс, тәжірибе жинаған дұрыс, бірақ өтірік еңбектенген болып, бір нәрселерді қолдан жасап тыраштанудың керегі жоқ деп ойлаймын. Жақсы курстар болса қатысуға болады. Бірақ жақсы курс көре алмадым өз басым. Қанша еңбек етсең сонша еңбегіңді аласың, ол белгілі нәрсе. Осы екеуіне ұмтылып көрмеппін».

Ұстаздық жол ауыр жол. Ұстаздық- ұлағатты іс. Өмірде өскелең ұрпақ үшін тер төккен ұстаздар қауымының қашан да орны ерекше. Ғұмыр бойы білім саласында тер төгіп, сансыз шәкірт тәрбиелеу көптің қолынан келетін іс емес. Еңбектің лайықты бағасын алып, соған сай еңбек ақысын алғаны, тек ұстаздар қауымының емес, халық үшін де қуанышты хабар. Өйткені, халық ұлағатты ұстаздан білім нәрімен сусындалып өскенін ешқашан ұмытпақ емес.

Зере МАХАМБЕТӘЛИЕВА, ХҚТУ-дің 3-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы