ТҮРКІСТАНДА ТЕННИС ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

735 көрілім

Түркістан қаласында Заңғар Нұрланұлының қолдауымен теннис орталығы ашылды. Орталықтың техникалық ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады. Еліміздің жасөспірімдер арасындағы бірінші ракеткасы, Еуропа рейтингісінің чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан Заңғар Нұрланұлы жерлестеріне өз өнерін көрсетті.

– Түркістан облысында спорт саласына жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында айналдырған 3 жыл ішінде әлемдік деңгейдегі бірнеше спорт нысаны салынды. Стадион, «Olympic Center» спорт кешені пайдалануға берілді. Қалада «Мұз» сарайы, Бекзат Саттарханов спорт кешені салынып жатыр. Міне, бүгін халықаралық талапқа сай теннис орталығының техникалық ашылуына қатысып отырмыз. Осы салтанатты жиынға жерлесіміз, 14 жасқа дейінгі еліміздің бірінші ракеткасы, талантының арқасында Еуропада топ жарып жүрген Заңғар Нұрланұлы баламызды арнайы шақыртып отырмыз. Келешекте Джокович, Надаль секілді теннис жұлдызына айналады деп сенеміз. Осы теннис орталығында алдағы уақытта осында республикалық, халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Жасөспірімдеріміз бен жастарымыз, тенниссүйер қауым осында шеберліктерін шыңдайды, – деген Өмірзақ Шөкеев теннисшілердің сайысын тамашалады.

14 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Словакияда өткен Tennis Europe сериясының Baseline Open U14 екінші санатты турнирінің чемпионы және өзге де додалардың жеңімпазы атанып жүрген жас теннисші Заңғар Нұрланұлы түркістандықтарға жылы лебізін білдірді. Аталған спорт орталығының жалпы жер ауданы – 2,5 га болса, нысанның жалпы ауданы – 5006 шаршы метр. Құрылыс-монтаж жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілді.

Сыртқы фасад жұмыстары мен инженерлік желілері, әкімшілік ғимаратының 1,2 қабаттарында ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңы және автотұрағы бар. Республикамыздағы таңдаулы спорт нысандарының біріне айналған теннис орталығының ашылу Түркістанда үлкен теннисті дамытуға оң серпін береді деп күтіліп отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы