Мектеп қабырғасында оқып жүріп, мектеп тіршілігінің тынысы туралы ой толғап, көрген білгенімді аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне жолдап отыратынмын. Жазған мақалаларым үнқағаз бетінде үзбей жарияланып тұрды. Оқу жылы аяқталар кезде, мектеп бітірушілер болашақта: «Кім боламыз?!» атты сырласу кешін өткізген болатынбыз. Біріміз дәрігер, біріміз инженер, мұғалім, құрылысшы тағы басқа мамандықты таңдадық. Мен, кім боларымды ой толғап отырғанымды, жанымдағы сырлас, сыйлас, құрбы-құрдас сыныптасым Зоя Сейілбекова: Мәдібек сенің тұла бойыңда ерекше қасиет бар, көрген білгеніңді тайға таңба басқандай дәріптеп жазасың, сеннен қарымды қаламгер, журналист болуға талабың бар.
Талантты ерге нұр жауар. Өз бағыңды сынап ҚАЗГУ-дің журналистика бөліміне оқуға бар – деді. Менің де жүрегімнің түбінде түйдек-түйдек арман мақсаттар тұрды. Журналист болу. Оқуға түсу үшін редакциядан мінездеме алу қажет болды. Қайдасың – деп қаламыздағы 1-май көшесінің бойындағы редакция үйіне бардым. Келген жұмысымды хаттар бөлімінің меңгерушісі Түркістанның Фариза Оңғарсыновасы ақын апайым Мәрия Мерешоваға айттым.
О, айналайын. Талабыңа нұр жаусын. Мінездемеңді редактор ағаң Тұрабай береді, бөлмесінде отыр, бірге кірейік – деп мені Тұрабай ағаның жұмыс бөлмесіне алып кірді.
– Ассалаумалейкум аға.
– Уалейкумасалам, келіңдер, – деп жанындағы бос орындықты ұсынды.
– Мәриям апам, Тұрабай ағаға мені таныстырып, оқуға түсу үшін мінездеме сұрап келгенімді айтты.
-Жарайсың балам, мектеп өмірінен үзбей мақала жазып жүрген Мәдібек бала өзің екенсің ғой. Қадамың құтты болсын. Талпынған мұратқа жетер. Сенен болашақта қарымды, қайсар, мінезді журналист шығады. Көп ізден, оқып білім ал – деп мінездеме жазып беретінін айтты.
Бұл 1966 жылдың 25 маусым (июнь) күні еді. Жылы жүзді, жылы шырайлы Мейірман ағамен, осылай танысып-білісіп едім.
Сол кезде «Коммунистік еңбек» үнқағазы аптасына үш рет, қазақ-өзбек тілінде шығатын. Ұмытпасам Москвадағы партия мектебін бітіріп келіп, «Оңтүстік Қазақстан» үнқағазында еңбек етіп жүрген Тұрабай ағамызды, сол кездегі ауданның бірінші хатшысы Ұ.Бейсенбаев Түркістанның төл үнқағазына редактор етіп тағайындады.
– Иә, Тұрабай Мырзахметов партия мектебін бітірген Түркістанның бірегей алғашқы перзенті. Ұжымында білікті, білімді журналистер Мәмәдәлі Әшірбаев, Жұмабек Мәмбетаев, Әбдірасыл Тәкібаев, өзбек бөлімінде Фазыл Алиев, Ғазыхан Мәжитов, Өктем Анарбаева «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ерінбей бір кісідей бірлесе еңбек ететін.
Тұрабай аға оларға басшылық жасап үнқағаздың оқушысына талғамды, білімді ойпікірін жеткізуге бағыт-бағдар беретін. Қыл қаламды серік еткен ой адамы кейде қалың ой құшағына батып, серігу үшін арам ас ішімдікпен уланады. Өз жұмысына немқұрайлы қарамайды. Атын атай, түсін түстемей-ақ қояйын. Құранда біреудің кемшілігін жасырсаң, ақырет күнінде Жаратқан Тәңірде сенің кінәңді кешіреді деген. Тұрабай аға да сондай кешірімді, кішіпейіл, аузын ашса, көмейінен жүрегі көрінетін жомарт жан. Басшы болу бір абырой болса, халық еңбегін бағалап, шарапат-шапағатын бөліп жатса мың абырой. Тұрабай ағамыз сондай абыройлы азамат. Аудандық партия ұйымының бюро мүшесі.
– Мен басшымын, мен ұжым басшысымын деп шаттанбайтын, мақтанбайтын көппен бірге бірдей жүретін, жастардың қамқоршысы. 1970 жылдың бас кезінде ұжымға өткір тілді, салиқалы ой парасатты, қарымды қаламгер Төрехан Рымбердиев, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Балтабай Нұржанов секілді жалындап тұрған жастарды жұмысқа шақырып қабылдады.
«Лениншіл жас» үнқағазының бас сарбазы Шерхан Мұртаза ағамыздың жең шекпенінен Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбеков, Қадірбек Сегізбаев, Болат Бодаубаев шықты. Тұрабай ағамыздың жең шекпенінен әлгі Төрехан, Тілеуқабыл Балтабайлар шығып аудан, облыс, Республика көлемінде танымал қаламгер болды. Бірде Түркістан үнқағазының бас сарбазы Балтабай Нұржановтың жұмыс бөлмесінде отыр едік. Сыртта тықыр-тықыр басып біреу жүрді. Балтабай бірден тықыр-тықыр басып келе жатқан өзінің шапанының астына баурап тәрбиелеген ұстаз ағасы Тұрабай екенін бірден білді. Расында да Тұрабай аға екен. Басынан күш-қайрат кетсе де, «өз үйім, өлең төсегім», – деп –өзі жұмыс жасаған қарашаңырақ редакцияға үнемі келіп тұрады екен. Үлкен басымен жастардың жағдайын біліп жүр.
Бұл ізет-құрмет кісілік емес, кішілік мейірімділік жастарға құрмет. Мен басшымын, бастықпын демей ауданның бірінші хатшысы Мұхаммедрасул Искаков, атқару комитетінің төрағасы Әбдірасул Жансейітов және Тұрабай ағамыз беліне ақ фартук байлап, Түркістандық 40-мың тонна «Ақ алтын» жинауға қатысушы еді. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде күн-түн демей жауапты науқан кезінде шаруашылықты аралап өз-ара социалистік жарыстың ұйытқысы болатын. Бәрін айтта,бірін айт демекші мамыр айында елімізде мереке көп болатын. Соның бірі өмір айнасы 5-мамыр баспасөз күні болатын. Осы күні қала тұрғындары аудандық партия комитетінің мәжіліс залында салтанатты түрде мәжіліс өтетін. Сол жиында қарымды қаламгерлер, ауыл-село тілшілеріне естелік ретінде сый-сияпат берілді.
– Міне сондай сыйға менде ие болдым. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы Қаражан Әбілазимовтың марапаттауымен «Мақтау грамотасын» Жекен Жұмахановтың «Мен жұмысшымын» повестер жинағын Тұрабай аға табыстады.
Әлі есімде «Өмір айнасы шынайы, ақиқат шындық» әрдайым шыншыл бол, шындықты жаз- дегені. Тұла бойы көкірегімдегі жұдырықтай жүрегімде сақтаулы тұр. 1-май көшесінің бергі беті редакция болса, келесі беті білім бөлімі мен мәдениет бөлімі жайғасқан. Басшылары Хайрулла Башиков, Вохай Абдурайымов және Тұрабай таңертең кездескенде бір-біріне біз әлгі «Кавказ тұтқыны» филіміндегі «Арутон-Дартонбыз»-деп өзара әзілдесіп ойнайтын.
Тұрабай әзілге бір табан жақын, сонымен қатар өте қарапайым, еңбекқор. Әр бір азамат өзі қызмет еткен орны тақ. Сол тақ төрінде Тұрабай ағамыз табжылмастан жиырма жылдан астам уақыт еңбек етті. Тұрабай ағамыз өмірде, еңбекте адал принципті азамат, аға тұтар абыройлы жан еді. Бұл күнде өмірден озды. Атам қазақ «өлі разы болмай, тірі байымайды», – дейді. Ел алғысына бөленген Тұрабай ағамызға бес күн жалған өмірде көрген қызығын, ақырет күнінде де көріп, иманды болыңыз. Жаннат төріне жайғасыңыз-деген жүрек жарды ақ тілек, ақ ниетімізді білдіреміз. Тілек ниетіміз періште құлағына шалынып қабыл болсын. Әмин!
Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ, зейнеткер.