ӨЗІ ДЕ ЖЕДЕЛ, ІСІ ДЕ ЖЕДЕЛ

437 көрілім

Адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, қай уақыт болмасын көмек қолын созуға дайын тұратын ақ халатты абзал жандардың бірі – жедел жәрдем бөлімінің қызметкерлері. Дерті дендеп дел-сал күй кешкен науқастың бірден жедел жәрдемге жүгінетіні белгілі. Сол жедел жәрдем қызметі арқылы дертіме шипа тапқан жанның бірімін.

Жақында денсаулығым күрт нашарлап, жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз айтқандай, мен де осы абзал жандарға деген алғысымды қолыма қалам алып, ақ қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Сол күнгі басымнан өткен жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тынысым тарылып, жүрегім қысқан кезде барлық дүниені ұмытып кеткен жайым бар. Бірнеше сағат бойы жүрегім ауырып, жағдайым күрт нашарлай түсті. Содан отбасым жедел жәрдемге хабарласты. Дер кезінде №15 бригада келіп көмегін көрсетті. Фельдшер Мадияр Нұрмағанбет өте ұқыпты, білікті маман екеніне көзім жетті. Толық тексеру жүргізіп, кардиограммаға түсіріп, ЭКГ қағазын оқып инфаркт қауіпін анықтады. Тиісті ем-шара жүргізіп, қауіптің алдын алды, жедел түрде орталық қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізіп екінші рет өмірге алып келді.

Әуелі Алла, содан соң жедел жәрдем қызметкерлерінің арқасында бір ажалдан қалдым. Осы орайда алғыс айту адамдық парызым деп білемін. Атап айтсам Түркістан облыстық жедел жәрдем ұжымын басқарып отырған басшысы Дәулет Аманжолұлына, Түркістан қалалық №2 бекет меңгерушісі Медет Мейірханұлына және де мені Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталығына аман-есен жеткізген №2 бригадамен қызмет көрсеткен дәрігер Ағайша Аманжоловаға шын жүректен алғыс білдіремін.

«Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» деп бекер айтылмағанына көзім жетті. Адамның жақсы қасиеттерін көре біліп, орынды мақтау да – өнер. Күні-түні тыным таппайтын жедел-жәрдем қызметкерлері барлық құрметке лайық! Сіздерге алғысым шексіз!

Р.ҚОШҚАРОВ, «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, республикалық «Алтын жүрек» номинациясының жүлдегері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы