Аралас жекпе-жек әлемдегі ең танымал әрі қызықты спорт түрі. Күні кеше ғана қаламыздағы «Шоу аренада» «ALASH PRIDE TURKІSTAN» халықаралық жекпе-жек турнирі байрағын көтерді. Жиналған жұрттың қарасынан-ақ доданың қаншалықты тартысты болғанын аңғару қиын емес. 11 кездесуге жоспарланған кештің төрт кездесуі түркістандық жауынгерлердің қатысуымен өтті. Айта кетейік, Түркістан төрінде өткен бұл дода «Alash Pride FC» лигасының 74-ші турнирі.

Сонымен, халықаралық байрақты бәсекенің нәтижелеріне тоқталайық. Ең бірінші боп алаңға бет алған жұптардың ішінен қазақ жауынгері Бекзат Дүйсенбек қырғыз жауынгері Жақшылық Конурбаевқа есе жіберсе, Ержан Қожамұратов есімді батырымыз қырғызстандық Бахытжан Алибековтен басым түсті. Прелимдегі үшінші жұп қазақ жауынгері Медет Нартулла мен өзбекстандық Абдувохид Ашуровтың арасында өтті. Тартысқа толы айқаста Медет қарсыласын сабмишнмен жеңіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Дәл осындай әдіспен тағы бір отандасымыз Бекзат Исабек те қырғызстандық Султанбек Орозмаматұлынан айласын асырды.

Ал түркістандықтардың үлкен сенімін арқалаған алаң иесі Наурызәлі Ысқақов өзбекстандық Умар Таировты нокаутпен жеңсе, қырғыз батыры Илимбек Акилбекұлымен жекпе-жек өткізген отандасымыз Серік Мақұлға сәттілік серік болмады. Турнирдің жетінші жұбы боп елордадан келген Елжан Гасанов пен Грузиядан келген Али Гадимов шықты. Отандасымыз Елжан қарсыласын нокаутқа түсіріп, кештің көркін қыздырды. Ал доданың Қырғызстаннан келген Куштарбек Амирбекұлы мен қазақстандық Дулат Сейдакбар қатысқан келесі жекпе-жегі үлкен дауға ұласып, нәтижеснде жеңіс қырғызстандыққа бұйырды. Қырғызстаннан келген тағы бір мықты жауынгер Бекболот Абдилдаұлы алаңдағы қарсыласы Ибрагим Аслан Сезерді нокаутқа түсіріп, түрік батырынан басым түсті.

Дүйім жұрттың делебесін қоздырған кештің басты кездесуінде жеңіл салмақ дәрежесіндегі лига титулына талас өтті. Қазақстандық Тимур Жапаров пен тәжікстандық Интизор Фармонбоев «Alash Pride FC» белбеуі үшін жекпе-жек өткізіп, қазылар жеңісті бірауыздан Тимурдың қанжығасына байлады.

Жекпе-жек төртінші раундта тәмам болды. Төртінші раундта тәжікстандық Жапаровтың толассыз соққысына төтеп бере алмай, техникалық нокаутпен жеңілді. Осылайша Тимур Жапаров жеңіл салмақтағы «Alash Pride FC» чемпионы атанып, қазақ елінің айбынын асырды. Турнир жеңімпазы Жапаровқа чемпиондық белбеуді қазақтың батыр ұлы, барша қазақ жауынгерінің басын қосқан «Alash Pride» промоушен жауынгерлік клубының президенті Д.Қасқарауов пен қаламыздың әкімі Н.Тұрашбеков тақты.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық деңгейдегі ММА жекпе-жек турнирі «ALASH PRIDE TURKІSTAN» жауынгерлік клубының президенті М.Ахановтың қолдауымен өткен еді. Сондай-ақ, аталған турнирге республикалық “Ер – Намыс” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Алиядин, республикалық “Спорт жұлдыздары” журналының шеф-редакторы Ж.Аянбек, 2021 жылы үздік телеарна атанған “Аралас жекпе-жек” ютуб каналының президенті Б.Жиренбай және Ы.Алтынсарин атындағы республикалық педагогтар академиясының директоры Б.Жолдыбайұлы және «Түркістан» қалалық газеті ақпараттық қолдау көрсетті.
Жеті мемлекеттің спортшылары жиналған айтулы бәсекеге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, қала әкімдігі мен шаһарымыздағы бірқатар қонақүйлер мен мейрамханалар демеушілік жасап, өнер адамдары, танымал ММА шеберлері мен бауырлас мемлекеттерден бапкерлер мен жаттықтырушылар қонақ болды.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
