ІРІ ҚОҒАМДЫҚ БЕТБҰРЫС: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ САУРАН АУДАНЫНДА

658 көрілім

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Төлепұлы Сауран ауданын аралап, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлермен ашық аспан астында 5-маусым күні өтетін референдумға байланысты жиын өткізді. Кездесуге «Amanat» партиясы, Сауран аудандық атқарушы хатшысы Сағынбек Асылбеков, облыстық мәслихат депутаттары Кеңес Әуенұлы, Насиба Собиржанқызы, Сауран аудандық мәслихатының хатшысы Мейрамбек Күнпейісов, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдібаевтар да қатысып, референдум бойынша өздерінің пікірлерін білдіріп, жиналған халыққа насихаттау жұмыстарын жүргізді. Қ.Төлепұлы ауыл тұрғындарын бұл үлкен қоғамдық бетбұрысқа бей-жай қарамай, референдумға қатысып, қолдауға шақырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Осы ұсыныс негізінде ҚР Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан арнайы жаңадан құрылған Сауран ауданына қарасты Оранғай, Жүйнек, Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен және Оранғай ауылдық округіне қарасты Оранғай дәрігерлік амбулаториясының қызмеркерлерімен және ауыл ақсақалдарымен кездесіп, Жаңа Қазақстанның өркендеуіне қолдан келгенше атсалысу керек екендігін жеткізді. Референдумда қаралатын мәселелер мен Ата заңда орын алатын өзгерістер жайында түсіндірді.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Қарашық ауылдық округінде орналасқан, «Diva Lux» жиһаз фабрикасының жұмысымен кеңінен танысып, референдумға толықтай қатысуға шақырды. Тігін цехының қызметкерлері тарапынан әйел кісілердің зейнетке шығу жасын азайту жөнінде ұсыныстарын айтты. Ауыл тұрғындарымен кезекті кездесу Жүйнек ауылдық округінің әкімшілік ғимаратында ауыл ақсақалдары бастаған жергілікті тұрғындармен сұхбаттасумен жалғасты. Жиын барысында, ақсақалдар бір ауыздан өздерінің референдумды ұзақ күткендіктерін және өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болатынына нық сенімді екендіктерін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Оранғай ауылдық округіндегі «Иассы құс» ЖШС-на, шаруа қожалық «Дилмурад» мал бордақылау алаңына соғып, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен және БПҰ төрағаларымен кездесті. Кездесу барысында қызметкерлерімен кездесіп, саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум туралы кеңінен әңгімелеп берді.

«Референдум – Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту әрі заңдастыру. Егер жаңа заңдар мен өзгерістер қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының келесі сатысына өтетін болады. Өйткені, реформа отандық, құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді», – деді Құдайберген Төлепұлы.

Кездесу соңында жиналған көпшілік депутаттарға өз ықыластарын білдіріп, жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдайтынын және Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құру жолында мемлекетке үлкен сенім артатынын жеткізді.

Жазира ЖАҚСЫБЕК, ХҚТУ-дің студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы