САТИРА САРДАРЫНЫҢ КӨПТОМДЫҚ КІТАПТАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

759 көрілім

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығы мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, сындарлы сықақшы Көпен Әмірбектің көптомдық кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараны ҚР Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдәзім ашып, жүргізіп отырды. Жиында түркістандық айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев Көпен ағамызға өз арнауын жеткізді.


Сатира сардары Көпен Әмірбектің көптомдық кітаптарының тұсауын Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, «Жолаушы» ЖШС құрылтайшысы, еңбек ардагері Рахым Тәңірбергенов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, елімізге белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтер қиып, автордың еңбектері туралы жылы пікірлерін білдірді.


Еркін форматта өткен сыр-сұқбат кешінде Көпен Әмірбек өзінің балалық шағынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмір жолдарын, ондағы қызыққа толы әсерлі әңгімелерін айтып, жиналған көпшілікті күлкіге қарық қылды. Сонымен қатар, елімізге танымал ақын-жазушылармен, зиялы қауыммен аталмыш жинаққа енген әзілге толы әңгімелерімен бөлісіп, көпшілікпен пікір алмасты.
Әзіл-оспақтың әр түрін саралаған бұл кітаптардың алғашқы тарауына аты-жөні әйгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы саңлаңтарға арналған астарлы пародиялар қамтылыпты.

Балаларға арналған балдай тәтті өлеңдері мен жатыпашар жаңылтпаштары өз алдына өрнекті дүниелер дерсіз. Сондай-ақ, миықтан күлетін мысал-мысқылдары да әзіл сүйгіш әлеуметті бей-жай қалдырмасы хақ деп білеміз. Көпен ағамыздың биыл Алматы қаласындағы «Дала дизайн» баспасынан жарық көрген су жаңа бұл 5 томдық кітаптары оқырмандарының ыстық ықыласына иеленуде.


Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы