ҰСТАЗДЫҢ ЖЕМІСІ – ШӘКІРТТІҢ ЖЕҢІСІ

1  096 көрілім

Түркістан қаласынан жеті шақырым жерде Шобанақ ауылы орналасқан. Бұл елді-мекенде тұрғындар сонау ғұлама сопы Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген заманнан  мекендеп келеді. Себебі, осы жерде Қожа Ахмет Ясауидің замандас достарының бірі Имам Марқозы  (Көк тонды ата) халыққа дінді насихаттаған деседі. Кеңес одағы кезінде елді-мекен Еңбекші дихан деп атала бастады.

1970-1982 жылдары білімді де білікті азамат, марқұм ұстаз Аманұлла Тажибаев асарлатып мектеп ғимаратын салады. Тарихқа көз жүгіртсек мектеп  Жданов, Хамза атымен аталса, 1993 жылдан бері қарай Шобанақ жалпы орта мектебі атауымен аталып келеді.

1955-1989 жылдары мектепке Аманулла Тажибаев басшылық жасаса, 1989-2004 жылдар аралығында Егемберді Турметұлы мектеп директоры қызметін атқарған. 2005-2012 жылдары Шобанақ орта мектебінің директоры Зубайдилла Наршабаевтың ерен еңбегінің арқасында 300  орындық спорт кешені және 3 қабатты жаңа мектеп ғимараты бой көтерді.

Мектеп ашылғалы бері қаншама ұлағатты ұстаздар ел перзенттеріне білім нәрін беріп келеді. 2018 жылдан бері мектеп директоры қызметін Халдар Асенұлы Османов атқаруда. Қазіргі таңда мектепте 733 оқушы білім алуда. Оқушылар екі ауысыммен оқыса, сабақ қазақ және өзбек тілдерінде оқытылады. Мектепте 83 қызметкер жұмыс істесе, жоғары санатты – 3,  2 – шебер, І санатты – 4, 12 – зерттеуші, 17 – сарапшы, ІІ санатты – 4,    жалпы санатты – 16, 25 – модератор бар.

Мектеп оқушылары мұғалімдердің ізденімпаздылығымен еңбектерінің арқасында халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары атанып келеді. Әрине, ұстаздық жолында үлгі тұтатын мектепте еңбегі сіңген ұстаздар да баршылық. Атап айтсақ, 40 жылдам астам еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың қатарында Анар Каденова, Абдураззақ Умаров болса, әртүрлі байқау олимпиадаларда оқушылары топ жарып келе жатқан ұстаздар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Абдурасул Умаров, Мухаббат Хатамбаева, Тажихан Азимоваларды айтуға болады.

«Ұстаздың жемісі – шәкірттің жеңісі», демекші  халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп жоғалмақ. Бүгінгі жастар қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт – дәстүр мен әдет – ғұрпын білуге, тәрбиелеуге бүгінгі педагог қызметкерлерінің алдында тұрған зор міндеттердің бірі.

Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Сондықтан қазақ мектебінің тағдыры – ел тағдыры. Ұлтымыздың болашағын ойлаған Алаштың ардақтылары мұны әрқашан ескеріп отырған. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай «Ұлттың мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деп ұлт болашағын ұлттық мектепте, ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін көрсеткен.

Аталмыш мектеп мұғалімдері ізденуді тоқтатпай, өз білімдерін ұдайы шыңдап, шәкірттерімен бірге биік шыңдардан көрініп келеді. Биылғы оқу жылында бірқатар оқушылар ерікті түрде түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Атап айтар болсақ, облыстық математика пәнінен «Самұрық» олимпиадасына 2-11сынып арасында 101 оқушы қатысып, 101 оқушы 1-2-орындарды иеленген. Сонымен қатар, 2-11 сынып оқушылар арасында өткен облыстық «Алтын қыран» олимпиадасына 67 оқушы қатысып, 1-2-орындардан көрінген. Ал, 2-11 сыныптан «Алтын ұрпақ облыстық  олимпиадасына 50 оқушы қатысып, 5 оқушы бас жүлдені жеңіп алса, қалған оқушылар 1-2-орындарды олжалады. Республикалық «Алаш өнер» орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында өткен «ALASH STAR» байқауында көркем сөз, аспапта ойнау, эстрадалық вокал, қолөнер, арнау, актерлік шеберлік номинациялары бойынша 17 оқушы қатысып, 7 оқушы көркем сөз, арнау бағыттары бойынша бас жүлдеге қол жеткізіп, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Халықаралық «Абай, Мұқағали» оқуларына жолдаманы жеңіп алған.

Әрине, төккен тер мен еткен еңбектің арқасында оқушылар Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық байқауда 8-сынып оқушысы Зухра Бекполатова, 11-сынып оқушылары Даурен Абдураимов, Иса Нұрбах бас жүлдеге ие болса, Анара Абдувахапова, Диана Жұмабаева, Севинч Тореханова, Мухлиса Абдиманнапова 2-орын иеленіп, мектеп пен қатар ауданның абыройын асқақтатып келеді. Аудандық пәндік олимпиадада 15 оқушы қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Өзбек тілі мен әдебиеті пәнінен 10-сынып оқушысы Мухлиса Абдиманнапова аудандық олимпиададан 1-орынды, облыстық пәндік олимпиададан 3-орынды иеленді. Ал, аудандық Ілияс Жансүгіров оқуларынан 9-сынып оқушысы Нұрдаулет Жұмабаев  1-орынды, облыстық Ілияс оқуларынан жүлделі 2-орынды иеленді. Тағы да, аудандық Мағжан Жұмабаев оқуларынан ғылыми жұмыс бағыты бойынша 10-сынып оқушысы Аяулым Есей 1-орынды жеңіп алып, облысқа жолдама алған.

Мектептің 2021-2022 оқу жылындағы спорт түрлерінен жеткен жетістіктері де жетерлік екен. Мектеп ұлттық лигасына қатысып, көптеген нәтижеге қол жеткізген. Айтар болсақ, аудандық, облыстық мектеп лигаларынан, футбол, баскетбол, волейбол, гандбол ойындарынан жоғары нәтижеге қол жеткізген. Атап айтсақ, футболдан ІІІ-орын ұлдар, волейболдан  І-орын қыздар, баскетболдан ІІІ-орын қыздар, баскетболдан ІІ-орын қыздар, гандболдан ІІ-орын қыздар, гандболдан ІІ-орын ұлдар еншілепті. Сауран ауданы бойынша жалпы командалық сайыста волейболдан қыздар арасында І орынды иеленген. Айтулы облыс жүлдегерлерін спорттық жарыстарға баптаған мұғалімдер Б.Убайдуллаев, Ш.Абдураимов, У.Турманов, Б.Жұмабаев, А.Мусаев, Ғ.Омаров, А.Турметовтердің еңбегі зор деп біледі.

Шобанақ мектебінің оқушылары аудандық, облыстық 8-сынып оқушылары арасында өткен «AIQANAT» олимпиадасына қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен 8-сынып оқушысы Рамазан Мухаммедраимов Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдамаға ие болды. Аудандық «Айбын» әскери-патриоттық жарыста 10-11 сынып оқушылары І орынды жеңіп, облысқа жолдама алған.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы