РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУ АРҚЫЛЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ДАУЫС БЕРЕСІЗ

613 көрілім

«Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асырып, жаңа қоғам орнатуда асқан еңбекқорлық пен жаңашылдық қажет. Реформа енгізуде таптаурын тәсілдер жүрмейтінін заман өзі көрсетіп отыр. Бұл ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды жүргізуге халықты тікелей қатыстыруды көздеп, елге үлкен мүмкіндік ұсынды. Ол – референдум.

2022 жылдың 5 маусымында өтетін жалпыхалықтық референдумда аса маңызды мәселелер қамтылады. Бұл жөнінде Түркияға жасаған мемлекеттік сапарында Президентіміз «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33-бабына түзету енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын», – дей келе негізгі мақсатын атап өткен болатын.

Енді референдум деген не? Соған тоқталайық. Референдум дегеніміз (латын referendum – хабарлануға тиісті нәрсе) мемлекеттік маңызы бар аса маңызды мәселені халық талқысына салып, шешім қабылдау. Бұл саяси тәсіл алғаш рет Швейцарияда қолданылған болатын. Еуропаның бірнеше елінде, көршілес елдерде де референдумдар өткізілген.

Қазақстанда алғаш рет 1995 жылы референдум өткенін ел біледі. Сол кезде Ата Заң қабылданған болатын. Дегенмен заман ағымы, қоғамдық үдерістер Ата Заңға өзгерістер қажет екенін аңғартып отыр. Қаңтар оқиғасы, әлемдегі күрделі жағдайлар саяси бетбұрысты айқындай түсіп, басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру маңызды екендігін көрсетті. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің саяси реформаларын жариялады. Ендігі кезекте сол өзгерістерді жүзеге асыру үшін заңдық негіз қажет еді. Яғни, жұрт күткен реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 99-бабының 33-і өзгереді. Дәлірек айтсақ, 33-бапқа 56 өзгеріс енгізіледі. Бұл түзетулерді ең тәжірибелі заңгерлер мен құқықтанушылар әзірледі. Енді осы референдум нәтижесінде қол жеткізілетін ең негізгі басымдықтарға тоқталайық.

Біріншіден, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшеміз. Яғни, бірқатар билік өкілеттігі қайта бөлініп, Парламенттің рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Екіншіден, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігі кеңейеді. Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформа арқылы жүзеге асыруды ұсынған саяси бастамаларында барлық билік тармақтарының теңгерімді әрі тең дәрежеде жұмыс істеуіне жол ашылады. Конституциялық түзетулерде Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламенттегі өкілдігінің тәртібі өзгертіледі. ҚХА-ның Мәжілістегі квотасы жойылады, ол Сенатқа беріледі. Өз кезегінде Сенаттағы Президент квотасы 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқартылады, оның ішінде ҚХА ұсынатын 5 депутат та бар.

5 маусымнан кейін не өзгереді? Назарларыңызға рефререндумнан кейін енгізілетін ең айқын 7 өзгерісті ұсынайын.

1. Бұрын заңның 6-бап 3-тармағында Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады деп жазылған. Енді ол «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар ХАЛЫҚҚА ТИЕСІЛІ. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп өзгереді. Халықтың рұқсатынсыз жерге, табиғи байлыққа қатысты ешқандай келісім жасалмайды.

2. 15-бап, 2-т. 2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы заңмен белгіленеді. Енді ол былай өзгереді: 2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ.

3. 43-бапқа жаңа талаптар енгізіледі. Ол: 3.Қазақстан Республикасының ПРЕЗИДЕНТІ өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде САЯСИ ПАРТИЯДА БОЛМАУҒА ТИІС. 4. Қазақстан Республикасы ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫНЫҢ саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары ЛАУАЗЫМДАРЫН АТҚАРУҒА ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ. Демек, президенттің отбасы мүшелері басшы болып қызмет атқара алмайды.

4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі заңмен қорғалмайды.

5. Мәжіліс депутаттары тек партиялық жүйемен сайланбайды. Олар аралас сайлау жүйесі негізінде жасақталады: оның біріншісі, біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен, екіншісі бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Сайлаушылардың бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады. Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600-ден 200-ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Елдің белсенді азаматтардың саясатпен айналысуы жеңілдейді.

6. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ бойынша Конституцияда бекітілген, олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды.

7. 87-бапта бұрын «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды» делінген. Енді бұл бап өзгереді. Бұдан былай «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Республика Президенті ДАУЫС БЕРУ ӨТКІЗІЛЕТІН КЕМІНДЕ ЕКІ КАНДИДАТУРА ҰСЫНАДЫ. Дауыс беруге қатысқан мәслихаттар депутаттарының көп дауысын алған кандидат келісім алған болып есептеледі. Тарқатып айтсақ, әкімдерді Президент бірден сайламайды. Жанама кандидат ұсынады. Жергілікті мәслихаттың таңдау еркі маңызды рөл ойнамақ.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы тарапынан 18 штаб құрылып, оған 425 адам енгізілді. Депутаттар, белсенділер, зиялы қауым өкілдері аймақтарда елмен кездесіп, референдумды түсіндіріп жатыр. Елдің ықыласы да жақсы.

Қысқасы, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға тікелей жол ашпақ. Сондықтан бұл референдумға әрбір азамат қатысуға міндетті. Референдумда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді 17 өңірден 11 өңірдің халқы жақтап дауыс берсе ғана бұл өзгерістер қабылданды деп саналады. Сондықтан осы азаматтық құқығыңызды пайдаланып, өзіңіз тұратын тұрғылықты жер бойынша сайлау учаскеңізге тіркеліңіз. Егер тізімде болмасаңыз әкімдікке тиісті өтініш беруге құқылысыз.

Ендеше, Жаңа Қазақстанды құруға Сіз де үлес қосыңыз, ағайын! Референдум – халықтың үні, сіздің бостандығыңыз бен құқыңыз. Ел болашағына деген үлесіңіз! Баршаңызды референдумда дауыс беруге шақырамын!

Нұралы АБИШОВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық штаб мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы