МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРІСТЕТУГЕ НЕГІЗ БАР

563 көрілім

«Ауыл шаруашылығы кооперативі: өзекті мәселелер және оның шешу жолдары» деген сұраққа маңыз беріп, бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ауылымыздың өсіп-өркендеу жағына назар аударсақ, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық мәселелердің қай саласында да шешімін таппай келе жатқан қиындықтар ауылдық жерлердің үлесінде қалып тұр.

Алайда, шынтуайтқа келгенде, сөз басқа, іс басқа болып тұрған сыңайлы. Олай дейтініміз, қарапайым шаруаларды былай қойғанда, өңірлердегі ауыл шаруашылығы саласының мамандары да кооперация заңның іске асыру тетіктері туралы ақпараттың жеткіліксіз екенін мойындап отыр. Ақпарат аз, түсінік көмескі болған соң, сенімсіздік те болмай тұрмайтыны белгілі. Халық арасында «Онсыз да қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған қысылтаяң шақта кооперативке бірігіп, ертең ондағы мал-мүлік талан-таражға түсіп кетпесіне кім кепіл?» – деп күмәнмен қарайтындар да баршылық.

Осы орайда, облыстық кәсіпкерлер палатасы «ішкі нарықты төл өнімдерімізбен қамтып, экспорт сұранысын да қанағаттандыруға не кедергі болып отыр?» – деген мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, оның маңызды бірнеше себептерін анықтағанын айта кету керек. Алдымен, кәсіпкерлер палатаның Агро-кеңес беру орталығы (АКО) мамандары «Баян сұлу», «Алаш», «Магнум», «Метро» сияқты ірі сауда желілерінің сатушыларымен тікелей кездесіп, олардың негізінен қандай тауар сатып тұрғанына назар аударған. Аталған сауда орындарында ауылшаруашылық тауарларының көбі импорттық тауарлар болып тұр. Мәселен, картоп Пәкістаннан, жеміс-жидек Өзбекстан мен Қырғызстаннан, сүт өнімдері мен ет өнімдерінің көбі Ресей мен Беларуссиядан. Мұның себебін түсіндірген сауда желілерінің басшыларының сөзімен де келіспеске болмайтындай.

Түркістан облысында ұсақ шаруашылықтардың үлесі көп. Сондықтан олар бізге тиісті деңгейде тауарларды жеткізіп бере алмайды. Мәселен, тауарды сауда айналымына кіргізу үшін оны алдын ала дайындау қажет. Оны жуу, тазалау, арнайы орамдарға орау, колибровкасы бар. Міне, осындай жұмыстар бізде ұйымдастырылмаған. Екіншіден, тұрақтылық жоқ. Ауыл шаруашылығы дақылдары науқан кезінде, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында жаппай бәрі бізге арзан бағада жеткізеді де, қалған уақытта ол тауарлар жоқ.

Ауыл тұрғындарының негізгі көксегені қайтсек, мемлекеттен берілетін субсидияны ала аламыз болып кеткен секілді. Әрине, қаражат қажет, бірақ қандай мақсатқа, оны қайда, қалай жұмсау керек? Онсызда «шықпа жаным, шықпалап» отырған майда шаруашылықтарды кооперативке біріктірген соң, мәселен, сүтін өткізуге шағын зауыт ашуға, малдың жем-шөбін дайындауға тағы басқа керек-жарағына қаражат керек болады. Оны қайдан алады? Мысалы «кооперативке қаржы кепілдіксіз беріледі», – дейді, бірақ бұл сөз күйінде ғана айтылып отыр әзірге. Осы қаржы мәселесін шешу керек алдымен.

Кооператив құрудың артықшылықтары көп, бірақ әлі де нақтыланбаған кем тұстары да жетерлік. Қалай дегенмен, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын өрістетуге негіз бар. Ендігі мәселе соның дұрыс ұйымдастырылуында, бөлінген қаржыны ұқсата білуде болып отыр.

Н.БОРАНБАЕВ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының 1-санаттағы сарапшы маманы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы