Түркістан қаласындағы Ә.Науайы атындағы мектептің бітіруші сынып оқушысы Шахрух Ұлықбекұлы Нұр-сұлтан қаласында өткен ел біріншілігінде Түркістан облысы атынан 57 келі салмақта сынға түсіп, жүлделі екінші орынды иеленді.
Аталмыш мектеп оқушылары бұдан бұрын спорттың волейбол, баскетбол түрлері бойынша көптеген жарыстарда облысымыздың намысын жоғары деңгейде қорғап келеді. Шахрухтың жүлдесі 90 жылдық мектеп тарихында тұңғыш рет болып отыр. Ел біріншілігінде жүлде салған Шахрух Исабековтің бапкерлері Жарқын Тәңірбергенов пен Болат Ибрагимовтар шәкірттерінің жеткен жетістігінен дән риза. Түркістандық жас былғары қолғап шебері Ұлы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңындағы жеңісін аталары, соғыс ардагері марқұм Абан Садықов пен Мамадали Османовтарға арнағанын айтады.

Тынымсыз ізденіс пен еңбек, бапкерлердің берген нұсқауларын мүлтіксіз орындаған Шахрух бұған дейін қалалық, облыстық біріншіліктерде бірнеше рет жетістіктерге жеткен. Ел астанасы төріндегі бұл табыс түркістандық боксшының өмірінде өз орны бар. Қазақстанның еңбек сіңірген былғары қолғап шебері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің жарысқа қатысып, жас боксшыларға сәттілік тілеуі аталмыш біріншіліктің деңгейі жоғары екендігін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысынан қатысқан 20 боксшының тең жартысы 10-ы жүлделі орындарға ие болды.
Өз кезегінде Шахрух Ұлықбекұлын жарысқа дайындаған барлық ұстаздары мен бапкерлеріне алғысымызды білдіріп, келесі жарыстарда сәттілік серік болсын деп тілек білдірдік.
Райымжан ӘЛІБАЕВ.