Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Шаһардағы М.Жұмабаев атындағы #15 мектеп-гимназиясының “Сыңғырла, қоңырау, сыңғырла” атты салтанатты шарасына арнайы қатысқан Рашид Абатұлы барша оқушыларға алдағы жылда жақсы көрсеткіштер көрсетіп, шаһардың абыройын асқақтатар тұлға, Ұлы Абайдай ақын, Момышұлындай батыр болуларына тілекші екендігін жеткізді.

Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер қала әкімі Рашид Абатұлымен және жоғары сынып оқушыларымен алғашқы қоңырау сыңғырын бірге соқты.

Уәлихан Бесімбаев басқаратын білім ордасында 3800-ден астам оқушы бар. Ал, мектеп табалдырығын енді басқалы отырған 1-сынып саны – 11. Мектеп биылғы ҰБТ нәтижесінде қала бойынша ортаңғы шепте тұрақтаған болатын.

Айта кетейік, бүгін барша Қазақстанның білім мекемелері демалыс күніне қарамастан, 1 қыркүйек – Білім күнін атап өтуде. Тамылжыған жаздағы демалыстан соң, оқушылар ерекше көңіл-күймен, ерекше дайындықпен жаңа оқу жылына сақадай сай екендіктерін жеткізді.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.