Мамырдың 18-інде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи- мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Халықаралық музейлер күніне орай «Сырлы әлемге саяхат» атты «Музей түні-2022» мерекелік іс шарасы өткізілді. Мереке аясында ел ауызында «Жұма мешіті» атанып кеткен тұстағы ашық алаңқайда ұлт-аспаптар оркестрі жайғасып, келген қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық өнердің асыл қазынасымен сусындатып жатты. Саяхатшыларға арналған «Күлтөбе сырлары» атты көрмеде осы өңірге белгілі қолөнершілер мен ағаш, темір шеберлері мен ұсталар өздерінің төл өнімдерін ұсынды.

Әсіресе, ағаштан түйін түйген ұста ғана емес, айшықты қолөнер шебері Гаухарбек Күнқожаевтың «Жер ана-Ел ана» туындысының қасына жиналған жұртшылық таңдай қағысты. Ол үш жыл бойы жалықпай жасаған ағаштан жасалған композициясы сексен бөліктен тұрады екен. Бір бірімен жымдасқан тораңғыл, жыңғыл, бесіктал, қарағаш түбіртектері мен бұтақтарынан жымдасқан жұмбақ тылсым дүниенің ғажайыптары әсем үндескен. Ең төменгі жағында Жер ана, оның үстінде жұмақ, анасын қолтығынан демеген жас жігіт, садақ асынып елін қорғаған ер, талға тербелген бесік, бөдене, тотықұсқа арналған құс торы, ең ұшар басында әрине қазақтың қара шаңырағы тұр. Бәрінен бұрын тал бұтағына қондырылған Гаухарбектің ұлы Баянбайдың тұңғыш рет сүйектен жасаған қыл қобызы көз тартады.
Гаухарбек Күнқожаевтың айтуынша, мұнда ең ғажабы ағаштан ойылған нарұт деген ерекше ұлт аспабының көрініс табуы. Қос ішекті домбыраға ұқсас. Алайда, пішімі төрт бұрыштылау келеді. Автордың түсіндіруінше бұл түркі халықтарына ортақ нарұт деген аспап. Кері қарай оқығанда Тұран болып шығады. Мұны Қазақстанға түркі мемлекеттерінен келген қонақтар сыйкәде ретінде алып кетуді жақсы көреді екен.

«Жер ана-Ел ана» композициясынан өте берісте шағын үстелге жайғасқан әдеміше қазақ қызы саз балшықтан құмыра жасауды кішкене қыздарға үйретіп, өзі де жасап көрсетіп жатыр. Әсем көрініс. Бұл Ұлбосын Рысбаева Әбілхан Қастеев атындағы көркемөнер мектебін бітірген екен. Биылғы жылы Республикамызда «Ең үздік шебер» атағын алып, сертификатына ие болған екен. Жиырмадан астам шәкірттері бар көрінеді. Осы көріністі тамашалап тұрған әжейді әңгімеге тарттық.

“Мен мына саз балшықтан құмыра жасап отырған қызға ризамын. Себебі, біз мектепте балаларға пластилиннен түрлі ойыншықтар жасатамыз. Ол дұрыс емес. Баланың тырнағының астында қалып қойған пластилин асқазанына кетіп, ішек ауруларына ұшыратады. Одан да өзіміздің Түркістанның жер қойнауының байлығы саз балшықты пайдаланғанымыз жөн. Мен осы музейде көп жыл қызмет еттім. 1978 жылы Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков өзі ашқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи- мәдени музей-қорығының штатында үш адам кейін келе 17 адам қызмет еттік. Ол кезде халық сирек келетін. Қазір міне облыс мәртебесін алғалы алыс жақын шетелдерден қонақтар келуде. Осындай елді қызықтыратын, киелі Түркістанның мәртебесін көтеретін шаралар көбейе берсін деп тілеймін”,-дейді музей ардагері Бибажар Зиябекова.

Осында қазақтың қайқы қылышы мен қыз-келіншектерге арналған түрлі әшекей бұйымдарын ұсынған Аманқұл Нұрдәулеттің бұйымдары да көз тартады. Қайқы қылыш асыл тастармен безендірілген. Аманқұл кезінде қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың тапсырысымен айтыстың ақтанкерлеріне берілетін «Алтын домбыраны» да Аманқұл шебер жасаған екен. Авторлық құқығы да қолында.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбектің баяндауынша, Халықаралық музей күні 1997 жылы Германиядан бастау алған. Оны Франция қолдаған. 2005 жылы Халықаралық музей күні деп 18- мамыр аталып, ілемдік деңгейде өте бастаған. 2006 жылы 38 елден екі мыңнан астам музей қолдап, мерекелеген. Содан бері Қазақстан музейлері де қатысып келеді. Қазіргі таңда елімізде үлкенді кішілі үш жүзден астам музей бар екен. Оның ішінде ірісі де бірегейі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы. Киелі Түркістан түркі дүниесінің астанасы атануымен музейдің қызметі де сапалық тұрғыдан көтеріліп, оған талап та күшейе түскен. Музей түніне қатысқан қала тұрғыны еңбек ардагері Тілеухен Бәйкенжеұлы өз пікірін білдірді.

“Мерекелік шара шын мәнінде өте сәтті әрі тамаша ұйымдастырылған. Келушілер де өте қуанып, мәртебелері бір көтеріліп қалды. Бірақ, біз алдағы уақытта мына мәселені ескеруіміз керек секілді. Мен 1989 жылы Кентаудағы ұсталық пресс жабдықтау зауытында директордың орынбасары болып қызет атқарып жүрген кезімде Наурыз тойын өткіздік. Кесене маңына елуден астам киіз үй тігілді. Қазан-қазан палау пісірілді. Ойын той даңғазаланып бара жатқан кезде, қайдан пайда болғаны белгісіз, шөкімдей қара бұл пайда болды да, алай-түлей шаңды боран, артынша нөсер жауын жауып, жұрт жан-жаққа бас сауғалай қашты. Жауын басылған соң, қарасам той өткен тұста қалдықтардан көз ашқысыз. Тамақ қалдықтары, ішімдік бөтелкелері, сыра ыдыстары судың бетіне қалқып шықты. Одан кейін Түркістан қалалық атқару комитеті кесене маңына дабыралы той өткізуді доғарды. Шындығында біз әруақтарды сыйлап үйренейік”,- дейді Тілеухан Бәйкенжеұлы.
Ескендір ЕРТАЙ.