ЕЛІМІЗ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

784 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы наурыз айындағы Жолдауы ең қиын кезеңде қабылданды. Сондықтан осы шақта қабылданған шешімдер нақты әрі құр сөзге емес іске бағытталған әрекеттерге негізделуі тиіс.

Қазақстанда азаматтық қоғам институтын дұрыс қалыптастырып, оны нығайту қажеттігін соңғы оқиғалардың өзі айқындап берді. Ел Конституциясында: «Қазақстанда биліктің бірден-бір бастауы – халық», – делінген. Алайда, бізде осы нормаға қарама-қайшы іс-әрекеттер көп. Халықтың наразылығына, пікіріне дер кезінде мән берілмейді. Ел көшеге шығып шу шығарғанда ғана сең қозғалады. Мұның ақыры азаматтардың өрескел әрекетке баруына алып келеді.

Қазақта «Халық айтса – қалт айтпайды» деген жақсы сөз бар. Елдің мұң-зарына шегіне жеткенде ғана құлақ аспай дер кезінде жауап берілсе, ел іші тыныш болады. Осы жағдайда қорытынды жасаған Мемлекет басшысы өз Жолдауында азаматтық қоғам қалыптастырудың негізгі жолы – суперпрезиденттік басқарудан арылу қажет деген шешімді қабылдады. Көптеген дамыған мемлекеттерде парламенттік басқаруға басымдық беріледі. Демек, парламентте қанша депутат болса, сонша пікір бар, сонша мәселе көтеріледі деген сөз. Оның түп-тамырында халықтың мәселесін жеткізу мақсаты тұруы шарт. Бұл – демократияның айқын көрінісі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өзі «Amanat» партиясының төрағалығынан бас тартып, саяси ұйымның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне тосқауыл қойды және де президенттің жақын туыстарына да саяси мемлекеттік қызметші болуға тиым салды. Осы арқылы елімізде биліктің монополияға айналуына жол берілмейтіндігін анық білдірді. Бұдан бүкіл туған-туыс, құда-жекжатын жоғары лауазымға қызметке кіргізгіш кейбір әкімдер мен басшылар үлгі алуға тиіс.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сайлау жүйесін жетілдіруге және құқық қорғау институттарын күшейтуге, БАҚ жұмысына еркіндік беру мәселесіне қатысты да бірқатар тапсырмалар берді. Жергілікті биліктік орталықсыздандыру мәселесіне де ерекше тоқталды.

2011 жылы елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы қабылданды. Жергілікті билікті орталықсыздандыру сол кезеңнен бастау алғанымен, тиімді іске асқан жоқ. Президент Жолдауда бұл үдерісті жеделдету қажеттігін айтты. Ауылдық округтердің жоғары тұрған әкімдерге бағынышты болуы жұмысты ширатуға кедергі болуда. Сондықтан да өзін-өзі басқару жүйесі аясында қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешіп, көптеген мүліктерді ауылдық округтердің өз меншігіне беру керек. Коммуналдық меншігі көбірек болған ауыл одан түскен қаражатты өз қажетіне жаратып, жауапкершілікке де ие болады. Ауыл азаматтарының да тұрғылықты жерінің ахуалын жақсартуға тікелей атсалысуына ықпал ете аламыз.

Мемлекет басшысы жергілікті билікті орталықсыздандыру арқылы халықтың тұрмысына жан бітіріп, азаматтық қоғамның ауылдан бастау алатындығын меңзеп отыр деп ойлаймын. Себебі, қазір алтын бесік ауылымызға мән бермейміз. Көп мәселеде олар тысқары қалып жатыр. Жергілікті өзін-өзі басқару ісін халықсыз іске асыру мүмкін емес.

А.МАНСҰРОВ, «Ақ жол» партиясының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы