ҚАСИЕТТІ ҚАЛАДА “МҮФТИЛЕР АЛҚАСЫ” ӨТТІ

804 көрілім

Бүгін Түркістан қаласындағы “Rixos Turkistan” қонақ үйінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен “Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Жиын Түркістан қаласының көрнекті жерлері бейнеленген бейнероликпен бастау алды.

Жиында Бас мүфтилер түркі мемлекеттерінің рухани бірлігі, діни сенімі, салт дәстүрі және ортақ мұраларын дәріптеу керек екендігі айтылды. Ахмет Ясауи бабамыздың Қорқыт ата, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу, діни оқу-ағарту салалары жайында өзара пікір алмасып, баяндамалар жасады.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбекұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Әли Ербаш, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Замир Ракиев, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының бірінші орынбасары Хамитжан Ишматбеков, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ғалымдар, облыстық бас имамдар мен қоғам белсенділері қатысты.

Сонымен қатар, түркітілдес мемлекеттердің “Мүфтилер алқасы” өтті. “Аллаға шүкір, қазір түркі мемлекеттерінің арасындағы экономикалық, әлеуметтік, әріптестік бағытындағы байланыстар нығайып келеді. Ендігі кезекте рухани байланысты арттыру аса маңызды бағыттың бірі болып отыр. Бүгінгі тарихи басқосудың өзі біздің арамыздағы бауырмалдық байланыстың артуына үлкен серпін береді деп сенемін”, деді “Мүфтилер алқасын” ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі өтіп жатқан «Мүфтилер алқасы» мен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қонақтарға оқып берді.
«Бауырлас Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің Бас мүфтилеріне және құрметті қонақтарға зор ризашылығымды білдіремін. Ата дініміз Ислам мейірімділік, имандылық, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейді. Сондай-ақ, бейбітшілікті, тұрақтылық пен береке-бірлікті нығайтуға шақырады. Осы орайда алқалы жиынға қатысып отырған дін қайраткерлері жаһан жұртын ізгілік жолына жұмылдыруға сүбелі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі басқосу түбі бір, тарихы ортақ елдеріміздің рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарына тың серпін беріп, игі бастамаларымыздың баянды болуына ықпал ететіні сөзсіз.
Баршаңызға зор денсаулық, конференция жұмысына толайым табыс тілеймін!» делінген Президенттің құттықтау хатында.

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы