Соңғы кездері «Жаңа Қазақстан» сөзі халық арасында кеңінен тарады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның мағынасын ашып айтып берді. «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. 16 наурызда Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Саяси жаңғыруға бағытталған бұл құжатты елдің асыға күткені жасырын емес.
Жолдауда Қазақстанның саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын ұсынып, бұқараның сұранысы мен қажеттілігін қамтамасыз ететін құжатты қабылдады. Елдің ерекше назарын аударған Жолдау суперпрезиденттік басқару формасынан Президенттік және қуатты парламенттік басқаруға көшу қажеттілігін хабарлауы. Президент толыққанды зерттеліп, зерделеніп ұсынған бұл жүйені басқарудың тиімді балансын қамтамасыз ететінін жеткізіп, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қалыптастырылмақ ниетін білдірді. Заманның өзгеруі мен қоғамның ауысуы талап ететін тұста Президенттің бірқатар өкілеттігін шектеуге мүмкіндік беріліп отыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «AMANAT» партиясының төрағалығы мен мүшелігінен кететінін ортаға салып, оны заңмен белгілеу қажеттігін жеткізді. Бұл шешім өз кезегінде барлық партиялардың өзара бәсекелесуіне септігін тигізетіні рас. Сонымен қатар, Есеп комитетінің, Орталық сайлау комиссиясының, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерін саяси партиялардың мүшелігінен шеттетілетінін де жариялады. Бұған қоса, әкімдер мен олардың орынбасарларын саяси партиялардың филиалдарын басқарудан босату заңнамамен бекітілетінін атап өтті.
Бұл қоғам тарапынан көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе екенін де айта кету керек. Сөзден іске көшуді көздеген Жолдау Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметтерде және квазимемлекеттік секторларда басшылық орындарда болуын шектейтінін көрсетті. Бұл бастама Конституциямызға енгізілетін 30-ға жуық өзгерістің бірі болмақ.
Өкілді билік тармағын қайта құру. Президент ұсынған бұл мәселе Президенттің өкілеттігін кезең-кезеңмен қысқарту арқылы Парламенттің рөлін арттыруды көздейді. Депуттардың жауапкершілік жүгін еселейтін бұл бастама қоғамның қолдауына ие болады деп ойлаймын. Президент Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды, оның төрағасы Мәжіліске жылына екі рет есеп беруін ұсынды. Сондай-ақ, жергілікті Мәслихаттардың дербестігін қамтамасыз ету бағытында Мәслихат төрағасы лауазымын енгізу қажеттігін алға тартты. Мәслихаттардың ықпалын күшейтуді ұсынған Мемлекет Басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау тәсіліне өзгерістер керектігін де атап өтті. Алдағы уақытта облыстардың әкімдері лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынылатын болады. Мемлекет Басшысы өз Жолдауының Сайлау жүйесін жетілдіру, Партиялық жүйені дамыту, Құқық қорғау институттарын күшейту, Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін артты-ру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту тармақтарында Президенттік ұсыныстары мен перзенттік ұстанымдарын ортаға салып, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырудың тың тетіктерін айқындады.
Президент Жолдауын – тарихи Жолдаудың бірі деп қарастыруға болады. Себебі, Жаңа Қазақстан тарихы Түркістан облысынан кейін жаңадан Абай және Ұлытау облыстарымен толығатын болды. Бұған Алматы облысынан Жетісу атты жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым ірге ажыратқанын қосыңыз.
Мемлекет бұл шешімді қабылдар алдында азаматтардың нақты ұсыныс-тілектерін мұқият зерделегенін айтты. Көптен бері халықтың ойында жүрген, әр жерде айтылып, орындалуы созылып келе жатқан Семей мен Жезқазған өңірін түлету бастамасы ел-жұрттың көкейінен шықты десек те болады. Біз бұдан нені аңғарамыз? Абай облысын құру – Алаш рухын асқақтату. Тәуелсіздік жолында азаттық бесігі болған өңірді қайта түлетудің рухани маңызы өте жоғары. Бұл Абай жолымен жүру деген сөз. Алаш азаматтары орда тіккен орынды жандандыру.
Сондай-ақ болашақ Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы ұлтымыздың ардақты перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атымен аталып, Алматы қаласы барын ескеріп, жаңарған облысқа Қонаев есімі берілсе де артық емес. Қазақтың ішкі аймақтары талай жылдан бері назардан қағыс қалып келді. Соның салдарынан әлеуметтік проблемалары да қордаланып қалды. Ендігі таңда Қазақстандағы урбанизация, ішкі көші-қон саясатында айтарлықтай өзгерістер болады. Үлкен қалаларға қарай ағылған жұрттың легі толас табады. Әр өңір қуатты аймаққа айнала бастайды. «Қуатты Қазақстан» жобасы осындай іргелі өзгерістер арқылы жүзеге асады деп сенеміз.
Сәкен ХАНДІЛЛАЕВ, қалалық мәслихат депутаты.