ТАҢДАУЛЫ ТУЫНДЫЛАР ОҚЫРМАНДАРЫН КҮТЕДІ

2  587 көрілім

Кітап  – адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп беретін ғажайып құрал. Алайда, дүниежүзілік деңгейде кітап оқу мәдениетінің төмендеп кеткені кітапханашы қауымды алаңдатып отыр. Дамыған және дамушы елдердің миллиондаған сауатты тұрғыны кітап пен журналды тым сирек қолға алатын болды. Ал, студенттер мен мектеп оқушыларының басым көпшілігі оқулықтар мен болашақ мамандықтарына қатысты кітаптарға ғана әуес.

Оқуға қызығушылықты көтеру мақсатында Ұлыбританияда «Үлкен оқу», АҚШ-та «Бұл жайлы көп оқы», Испания, Латын Америкасы елдері мен Кореяда «Бір ел  – бір кітап» жобасы, Ресейде «Оқуды дамыту мен қолдаудың Ұлттық бағдарламасы», Қазақстанда «Оқуға құштар Қазақстан» бағдарламасы жасалды.

2007 жылы Астанада «Оқитын ел  – бәсекеге қабілетті қоғам негізі» атты тұңғыш рет Халықаралық Оқу Конгресі өтті. Осы форум аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Бір ел  – бір кітап» акциясын өткізуді қолға алды. Міне, содан бері, елімізде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде. Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он алтыншы мәрте ұйымдастырылуда. Он алты жылдан бері қазақстандықтар ұлы Абайдың «Қара сөздерінен» бастау алып, М.Әуезовтің «Қилы заманын», М.Жұмабаевтың «Махаббат жырларын», Ж.Молдағалиевтың «Мен  – қазақпынын», Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін», О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» кітабын оқыды.

Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.

Биыл, яғни 2022 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы оқулығы ұсынылды. Елімізде Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы», «Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармалары», «Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері», «Қазіргі ғылымдағы Байтұрсыновтану бағыттары бойынша зерттейтін болады. Сонымен, биыл оқырмандар Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын оқуда.

Сонымен қатар, биылғы жылы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) – қазақ ақыны, мемлекет қайраткері, әдебиет зерттеуші ғалым, ұстаз, аудармашы, ағартушы, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттанудың негізін қалаушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Ахмет Байтұрсынов шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады.

Мұндай акциялар бірқатар облыстарда да ұйымдастырылуда. Соның ішінде, біздің Түркістан облысы бойынша «Түркістанның таңдаулы туындысы – 2022» акциясына қарымды қаламгерлер Төрекелді Байтасов пен Әбілда Аймақтың шығармалары таңдалынды. Түркістан облыстық акциясының таңдауы  – өлкені жырлап өткен ақын кітабы. Мақсаты  – жыл бойы өлкедегі ең үздік туындыны, жергілікті ақын-жазушы, қоғам қайраткерінің бір шығармасын насихаттау, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту, олардың оқу мәдениетін қалыптастыру.

Әуелі, ақын Әбілда Аймақ туралы айтар болсақ. Өмірден көргені мен түйгенін өз шығармашылығымен ұштастыра білген ақын Әбілда Аймақ түркі әлеміне танылып, Физули атындағы халықаралық сыйлықты иеленді. Әбілда ақын – сезімінің жаршысы. Жүректен шыққан туындылары Фариза Оңғарсынова, Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбай сынды талай қазақтың маңдай алды дүлдүлдерін де таңдандырды. Ақын шығармашылығы жөнінен өз пікірлерін білдіріп, жоғары бағалады.

Өлеңді жай ғана құрап қоймай, шынайылық арқылы суреттей білген шайырдың тіркестері балталаса бөлгісіз. Расында жан дүниесімен беріле отырып, талай туындыны өмірге әкелген ақын қоғамдық ортада да белсенді болатын. Көзі тірісінде талай шығармашылық жандарға рухани қолдау білдіріп, қамқорлық жасады. Талай ақын болсам екен деген таланттарды қолдап, демеу көрсетті. Көптеген жауқазын жырлардың да алғашқы оқырманы да Әбілда Аймақ болатын.

Туынды мәңгілік болу үшін шыныйылықпен өрнектеліп, жүректен шығуы тиіс. Осы бір қағида Әбілда Аймақ өлеңдерінде түгелдей сақталған. 100-ге тарта өлеңіне әуен жазылып, ел арасында кеңінен айтылып жүр. Атап айтқанда «Алтын бесік», «Қарлығаштар», «Шымкентім шырайлым», «Бейтаныс ару» атты әндер Әбілда ақынның жүрек жарды сөздеріне жазылған. Мына өмірде ақын болу қиын, ал адам болып қалу одан да қиын. Әбілда Аймақ өлең әлемінде ақжауын ақын ретінде, өз ортасында ақжүрек азамат ретінде өмір сүрді. Айлар мен жылдар сынаптай сырғып өткенімен, Әбілда ағамыздың жырлары бар да, ақын әркез оқырмандарының жадында.

Оңтүстіктің өр оғланы журналист – жазушы, қаламгер – қайраткер, баспагер Төрекелді Байтасов ағамыздың ойшылдығы, арманшылдығы өзінің «Ұйқы ашқан ойларында» айтылады. Өз өмір сүрген қоғамын өзгеден ерте жақсы түсінген өршіл ой иесі азат ойын аяғына дейін жеткізе алмай арманда кетті. «Қазақ қазақтығын сақтағанда ғана, Азаттығын сақтап қалады», деген «Ұйқы ашқан ойларында», түсінген жанға үлкен ой түйіні деп білеміз.

1990 жылы Төрекелді Байтасов Орталық Азияда тұңғыш рет тәуелсіз «Жібек жолы» журналын ашты. «Жібек жолы» журналының шығуы қазақ баспасөзінде үлкен жаңалық болды. Байтасовтың бастауымен аталмыш журнал көптеген мәселелерді көтеріп, көрші Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия, тіпті Германия, Швеция, АҚШ, Франциядағы қандастарымызға тарады. «Жібек жолы» журналының әр нөмірі – руханият әлемінің жауһар жапырағындай бір – бір кітап. Ал, сол «Жібек жолы» журналының жұлдызын жарқыратқан азамат кім десек, ол – Төрекелді Байтасов ағамыз.

Журнал 1990 – 1998 жылдар аралығында заман қыспағына қарамастан 2 айда 1рет шығып, таралымы 20000 дана болды. Өзгелер тұрмыстың жайымен өлместің күнін ойлап жүргенінде, Төрекелді Байтасов бар күш жігерін қазақтың санасын оятуға жұмсады. «Жібек жолы» журналы ұлтының шын жанашыры, қазақ елінің тарихын, әдебиетін, салт – дәстүрін зерттеп, оны насихаттап, ұлт санасына сіңіруде үлкен роль атқарды. Төрекелді Байтас өзінің қысқа ғұмырында көптеген үлгілі-өнегелі істер тындырды.

Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алар кемеңгерді?» деген жыр шумағы еріксіз ойға келеді.

Ғұмырында үлкен із қалдырған азаматтар қай уақытта да ел есінде…

Ақын Ф.Оңғарсынова: «Жақын қалған жаһандану үрдісі қоғамымызға кітапсыз мәдениет, тәрбиесіз білім мен түрлі діни ағымдарды енгізіп отыр. Мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін түсіндіретін құдіретті күш  – Ұлы жаратушы Алла, одан кейін Кітап… Кітап әлемі  –сырлы, тылсым әрі тұңғиық әлем. Оны таныған, тереңіне бойлаған оқырманның жаны сұлу, жүрегі мейірімге толы, рухы асқақ болары анық»,  – деп айтқандай, республикалық және облыстық акцияға таңдалған Ахмет Байтұрсыновтың, Әбілда Аймақ пен Төрегелді Байтасовтың шығармалары облыс оқырмандарының жүректерін мейірімге толтырып, рухтарын асқақтатарына күмән жоқ.

Қазіргі таңда Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға қарасты 393 кітапхана қызметкерлері Ахмет Байтұрсынұлының, Әбілда Аймақ пен Т.Байтасовтың еңбектерін оқырмандар арасында кеңінен насихаттауда. Ақын, жазушы, қаламгер мұрасы әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне жатады және ол бүкіл адамзатқа қолжетімді болуға міндетті. Сондықтан, биылғы жылдың таңдаулы мұраларымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, «Фараб» кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады. Баршаңызды Ахмет Байтұрсынұлының, Әбілда Аймақ пен Төрегелді Байтасовтың шығармаларын оқуға шақырамыз.

Жанат ШАРДАРБЕКОВА,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы