Қазақстан Республикасының «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары аясында 2015 жылдың 2 қарашасында қабылданған Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, оларды қалыптастыру тәртібін және халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұлттық басқарушы, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың (бұдан әрі – квазимемлекеттік сектор субьектілері) шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң шеңберінде бекітілген «Қоғамдық кеңес туралы Ереже» негізінде құрылған Қоғамдық кеңестер еліміздің аудан, қала, облыс және республика деңгейінде жұмыс істеп келеді.
Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының негізінде Қоғамдық кеңестердің институтын одан әрі жетілдіру, олардың жұмыстарын (айтылып жатқан сын-ескертпелерді назарға алу арқылы) заман талабына сәйкес ұйымдастыру мақсатында Мемлекет басшысы 2021 жылдың 3 қаңтардағы Жарлығымен «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Заң талаптарына сәйкес, Қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру; орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субьектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту; қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субьектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету Қоғамдық кеңестердің міндеттері болып табылады.
Қоғамдық кеңестер өз қызметін тәуелсіздік, мүшелерінің қоғамдық негіздегі қызметі, автономдық, дербестік және жариялылық қағидаттарының негізінде жүзеге асырады. Жоғарыда көрсетілген Заңмен бекітілген Қоғамдық кеңестердің қоғамдық бақылау саласында (қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама) атқаратын өзіндік мақсаттары мен міндерттері бар. Атап айтқанда: Қоғамдық кеңестердің мақсаты қоғамдық бақылауды мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның қатысу мүмкіндігін кеңейтуді жүзеге асыру болса, ал олардың міндеттері мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен квазимемлекеттік сектор субьектілері қызметінің тиімділігін, ашықтығын және бүкпесіздігін арттыру; қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру; азаматтардың мемлекет пен оның органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің қызметіне сенім деңгейін арттыру, қоғам мен мемлекет арасында кері байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және оларды шешу; халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы әс-қимыл процесіне тарту болып табылады.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы.
