КЕНТАУ ТҮРКІСТАНМЕН ҚАТАР ДАМЫП, ӘЛЕУЕТІ КӨТЕРІЛЕДІ

749 көрілім

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев соңғы аптада қатар жатқан Түркістан мен Кентау, Сауран ауданының тұрғындарымен жаңа форматтағы кездесулер ұйымдастырды. Бір айта кетерлігі кезінде Түркістан қаласына, одан кейін Кентау қаласының қарамағына өткен аудандық мекемелердің бірқатары әлі Кентаудан Сауранға көше қойған жоқ.

Осы жайға тоқталған облыс әкімі «моноқаланың бәсекеге қабілеттілігі жоғарылайды. Оған толық мүмкіндік бар». Кентаудағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында тұрғындармен кездесу кезінде осылай деген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі жұмыстарды баяндап, тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдады. Кентауды дамыту бағытында да жұмыс қарқынды жүріп жатқандығын жеткізді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» құру бағытындағы негізгі міндеттерді айқындап берді. Есеп беру форматы өзгеріп, басшылар тұрғындармен еркін пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылап жатыр. Баяндама – аз, тұрғындардан сұрақ көп болса, деген ұстанымдамын. Облысымызда көптеген сала бойынша өсу, өрлеу бар екенін айта кеткен жөн, – деген өңір басшысы көрсеткіштерге тоқталды.

– Өткен жылы экономиканың даму қарқыны +4%-ды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6%-ға артып, 707,8 млрд. теңгені құрады. 186,6 млрд. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылды.

Жалпы, облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы Кентаудың дамуына үлкен серпін берді. Бұл шаһар мен үшін өте ыстық. Мәселелерін де жақсы білемін. Сондықтан оны дамыту – азаматтық парызым.

2021 жылы Кентау қаласын дамытуға 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты үйлер модернизациялаудан өтті. «Қызыләскер» автоматтандырылған газ станциясын іске қосу жұмыстары аяқталып, қала тұрғындарын табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды. Шахтаның суын төмендету жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаланы дамытуға 1,6 млрд. теңге бағытталып отыр. Кентау қаласы аумағындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешетін боламыз. – деді Өмірзақ Шөкеев.

Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, қаланы газбен қамту, ономастика, жұмыс орындарын көбейту, жол, баспанамен қамту, балалар ойын алаңшаларын салу, Кентау қаласының жастарын «Серпін» бағдарламасына енгізуге ықпал ету және өзге де мәселелерді көтерді. Өткір сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.

КЕНТАУҒА ГАЗ БЕРІЛІП, ТЕМІРБЕТОН ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

Кентау қаласына газ берілді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Мінеки, бүгін кентаулықтар үшін көптен күткен мәселе шешіліп, қалаға газ беріліп отыр. Кентаудың жылу мәселесі мені үнемі толғандыратын.

Жаным ашитын. Басшы ретінде осы бастаманы қысқа мерзімде орындауға күш салып, қаржы мәселесін шешіп, компаниялармен келіссөз жүргізіп, сол межеге жетіп отырмыз. Жобаны жүзеге асыруда өте күрделі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл – Кентау қаласы тұрғындарының өмір сапасын арттырады. Қалаларыңызға газ еніп тұр. Енді тұрғындар бірлесіп әрекет етсе, әр үйге кезең-кезеңімен газ кіргізілетін болады, – деген Өмірзақ Шөкеев Ыбырай Алтынсарин көшесіндегі жеке тұрғын үйге газ кіргізу сәтіне қатысты.

Осы күні Кентаудағы арнайы экономикалық аймақтан «Түркістан темірбетон» зауыты өз жұмысын бастады. Жобаның мақсаты – тұрғын үйге арналған 10-ға жуық темірбетон өнімдерін өндіру. Инвестицияның жалпы көлемі – 1,2 млрд. теңге. Нәтижесінде 60-қа дейін жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өндірісті дамыту бағытында жұмыс күшейетінін айтқан облыс әкімі зауыт жұмысшыларымен, одан кейін шаһар ардагерлерімен және жастарымен кездесіп, пікір алмасты. Ұсыныстарын тыңдады.

Кездесу соңында Өмірзақ Шөкеев бір топ тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Олардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдап, заң аясында кеңес берді. Бірқатар түйткілдерді шешу бойынша жауапты басқарма басшылары мен Кентау қаласының әкімі Рашид Аюповқа тапсырмалар жүктеді. Әрбір ұсыныс пен өтініш бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі.

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ – КӨНЕ САУРАН

Сауран ауданының құрылуы оң әрі ұтымды шешім болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің аталған аудан тұрғындарымен кездесуінде саурандықтар осылай деді. Тұрғындар жаңа ауданның инфрақұрылым және өзге де салалары бойынша мәселелерін айтып, әкімге сұрақтарын қойды. Пікір алмасты. Облыс басшысы тарихи мекен – Сауранды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елімізде қандай реформалар болатынын айқындап берді.

Басшыларға тұрғындардың табысын арттыру, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және өзге де мәселелер бойынша міндеттер жүктеді.

Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд. теңгені құрап, 4,1%-ға ұлғайды. Жалпы, облыс құрылған 4 жылда 2,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, 2 есеге артты. Өткен жылы 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылып, ауыз сумен қамтылған елді мекендер 717-ге жетті.

Жаңадан құрылған Сауран ауданының инфрақұрылымы жақсарып, әлеуметтік нысандар, мектептер, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынады. Оңалту орталығы бой көтеруде. Ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Тарихы тереңде жатқан Сауранның болашағы жарқын боларына сенемін. Сол бағытта бірлесе жұмыс атқарамыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.

ЕЛДІ-МЕКЕНДЕРГЕ ТАБИҒИ ГАЗ ТҮГЕЛ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, газ мәселесі алдымен ауызға алынды. Жасыратыны жоқ, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің өн бойында шапанның өңіріне тағылған түймелердей қаз-қатар орналасқан елді мекендердің тұрғындары біраздан бері «Кеңқияқ-Құмкөл-Қытай халықаралық газ құбырының бір жүлгесі елдің игілігіне жарап қалар ма екен» деп мойнын созумен келеді.

Бұған өңір басшысы толымды жауап берді. Елді мекендерді газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Газ құбырларымен Үшқайық, Теке, Жалаңтас, Нұртас, Қожанов, Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Ойық, Шаға, Бершін Төбе, Ынтымақ ауыл округтері қамтылған.

Биылғы жылы Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне екі нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бюджеттік өтілімге өткізілген. Шорнақ ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласының әкімдігі тарапынан жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған 6 ауылдық округке табиғи газбен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмасы дайындалып, жобалық сметалық құжаттарын дайындауға бюджеттен – 393,103 млн.теңге қаржы бөлдіру қажет.

Бұл әлеуметтік-кәсіпкерлік, сауда нысандарының дені негізінен бюджет есебінен орындалатын болса, бірқатарын мемлекеттік кәсіпкерлік келісім-шарты негізінде және жеке инвестициялар есебінен қаржыландыру көзделеді. Бәрінен бұрын бұл ауылдарды кешенді дамыту заман талабына сай барынша жаңаша сипат алатын болады.

Тұрғындар Түркістан өңіріндегі жұмыстарды оң бағалап, Сауранға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға, өңір басшысына ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында өңір басшысы бірнеше тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы