АЛАЯҚТАРДАН САҚ БОЛАЙЫҚ
Түркістан облысының полицейлері азаматтардан ақша беру, ақша аудару, ақша алу сынды операциялар кезінде мұқият болуларын сұрайды. Алаяқтар жәбірленушілермен байланысу үшін кез келген құралдарды пайдаланады, оның ішінде, телефон, пошта, электрондық пошта және ғаламтор (интернет). Олар сеніміңізге кірген соң өзіне ең қажетті нәрсе, яғни ақша сұрай бастайды. Сол себепті, алаяқтардың сеніміңізге кіріп, арам пиғылын іске асырмас үшін кез-келген адамға өзіңіз туралы мәліметтерді айтудан сақ болыңыз.
Мәселен алаяқ аванс/алдын ала төлем: өнім немесе қызмет ақысын төлеу үшін алдын ала ақша жіберуіңізді сұрайды. Жасырын сатып алушы: ақшаңызды салып жіберемін деп алдай отырып, сізден тасымалдау қызметі үшін деп ақша сұрайды. Онлайн арқылы несие алу деген секілді тез және оңай орындалатын қызметтерге күмәнмен қараңыз. Әлеуметтік желілердегі әр түрлі тауарларды, өнімдерді және қызметтерді сатуға арналған жарнамаларды қарағанда сақ болыңыз. Әр түрлі банктердегі шоттарға төлем аударуды талап еткен жағдайда мұқият болыңыз. Алдын ала төлем жасамаңыз. Абоненттік нөмеріңізге келіп түскен СМС кодты үшінші тұлғаларға жібермеңіз. Интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жасалатын күмәнді мәліметтерден бас тартыңыз. Төлем жүйелерімен белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз. Бейнебайланыс жүйесі арқылы сатушының өз төлқұжатын көрсетуін сұраңыз. Сонымен қатар, ең бастысы сіз ешкімге банк шотыңыздың толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз. Егер де, сіз, жоғарыда аталған жәйттарға тап болсаңыз, бірден полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.
ӘРІПТЕСІНІҢ АТЫНАН ЖАСЫРЫН ТҮРДЕ 1000000 ТЕҢГЕ АЛҒАН АЗАМАТША ҰСТАЛДЫ
Созақ АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Оның атынан белгісіз біреу несие алып, 1 000 000 теңге шығын келтірген. Бір айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деген хабар келгенде жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған жәйтты созақтық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Алаяқтық жасаған жас әйел жергілікті тұрғын және жәбірленушінің жұмыстағы әріптесі болып шықты. Анықталғандай, күдікті келіншек жәбірленушінің ұялы телефонын қоңырау шалу үшін сұрап алып, сол сәтте банк қосымшасына кіріп, несие рәсімдегені белгілі болды. Содан алаяқ тұрғынның есеп-шотына түскен ақшаны өзіне аударып, қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.
150 КЕЛІ БАЛЫҚ ТӘРКІЛЕНДІ
Шардара ауданы ПБ-нің кезекші бөліміне табиғатты қорғау инспекторы кешкі сағат 18:30 шамасында Шардара су қоймасында тексеру жұмыстары жүргізіліп, браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы Қытай ау торларын пайдаланып, заңсыз балық аулап жүрген 2 тұрғынды анықтады. Олардан айғақты зат ретінде 1 дана резеңке қайық, жарық бергіш, ток бергіш пен мотор құрылғылары алынды. Сонымен қатар, заңсыз аулаған 140 келі сазан, 11 келі дөңмаңдай, 1 келі көксерке балықтары тәркіленді. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің мән-жайын анықтау үшін бірден аудандық бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Дайындаған: Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
