БАЗАРЛАР ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ЗАМАНАУИ ТАЛАПҚА СӘЙКЕСТЕНДІРІЛЕДІ

1  632 көрілім

Түркістан қаласының орталығында орналасқан базарлар жыл соңына дейін қалпына келіп, сәулеті келіскен, заманауи талапқа сай, ретсіз саудадан арылған ғимараттарға айналады. Бұл жөнінде шаһар басшысы Рашид Абатұлының төрағалығымен өткен бүгінгі аппараттық мәжілісте мәлім болды. Кеңінен тоқталсақ, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Г.Даханованың айтуынша, күн тәртібіндегі 3 мәселенің бірі – сауда қызметін реттеу бойынша келісім-шарттар тиісінше жасалуда. Сауда қатарлары ішкі сауда мен өрт қауіпсіздігі қағидаларына сай болуы тиіс.

Бұл ретте, қала әкімдігі сауда базарлары мен сауда қатарлары басшыларымен өзара келісім-шарт жасасқан. Яғни, барлық базар басшылары келісімін берген. Онда шарт бойынша реттеу жұмыстары 1-қыркүйектен басталатындығы нақты көрсетілген. Дегенмен, ғимараттардың сыртқы пішінін реттеу бойынша «Азиз» базары 65 пайыз, ЖК «Н.Калкузов» 25 пайызын мерзімінен бұрын орындаған. Бүгінде «Қуаныш», «Мәди», «Ақерке» сынды бірнеше базарлар дайындық жұмыстарын жүргізуде.


Шаһар басшысы өз сөзінде: «Қала – халықаралық деңгейге көтеріледі. Жыл соңына дейін базарлар қалыпқа келеді. Ешкім ешқайда кетпейді» деп нақты айтып, тиісті мамандарға базарлардың сыртқы пішініне ерекше назар салуды ұсынды.


Ал, салық базасын ұлғайту бойынша баяндама жасаған қалалық кірістер басқармасының басшы орынбасары Рауан Батырбаевтың сөзінше, бүгінгі таңда сотта 31 әкімшілік іс қаралуда. Нақты айтсақ, 29 жеке тұлғаға Мемлекеттік кірістер басқармасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені үшін және 2 жеке кәсіпкер мен 1 заңды тұлғаға бақылау кассалық машинасы болмағаны үшін, 17 жеке кәсіпкер мен 1 заңды тұлғаға алкоголь өнімдерін сатуға лицензияларының болмауы бойынша хаттама түзіліп, сотқа өткізілген.
Сонымен қатар, қаржының 2019 жылға 8 айға болжамды игерілуі де шаһар басшысының жіті қадағалауында. Әр қаржының сұрауы бар. Сондықтан, оны дұрыс игеру қажеттігі де баса айтылды. Жиын соңында қала әкімі Р.Аюпов сала мамандарына әрбір істі ширатуды және уақытылы атқаруды тапсырды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы