СОҢҒЫ ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ БОЙЫНША ӘЗІРЛЕНГЕН ПЕРНЕТАҚТА ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ

4  634 көрілім

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен әзірленген пернетақтаны апробациядан өткізу бастамасы еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды жүруде. Апробация – жорамалды дәлелдеу үшін тәжірибе жүзінде жүргізілетін зерттеулер. Осы мақсатта, еліміздің барлық өңірлерінде 19-30 тамыз аралығында тұрғындардың көзқарасын біліп, сауалнама жүргізу көзделген болатын. Сол себепті, соңғы мақұлданған нұсқа бойынша арнайы пернетақта әзірленіп, бүкіл облыста талқылануда.


«Халықтың көңілінен шығып жатқан жағдайда, барлық мекемелерге, тиісті органдарға арнайы пернетақталар жеткізілетін болады. Ары қарай да жұмыс жасалып, көбейту мәселесі қаралады. Әзірге әр өңірге 15 данадан беріліп отыр. Клавиатура тіліне жаппай латын қарпін енгізгеннен кейін адамдар үшін қолжетімді болады. Өңірдегі халықты бірден үйрету мүмкін емес. Ол кезең кезеңімен жүзеге асады. Оған уақыт керек. Қаладағы жеке кәсіпкерлер латын әліпбиінде жазуды алғашқылардың бірі болып бастады. Дегенмен қателіктер бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Орталық тарапынан оларға ескерту жүргізілуде. Бұл бекітілмеген, мақұлданған нұсқа. Бекітілген жағдайда нақты жұмыстар басталады. 2025 жылы толықтай көшсе, 2020 дан бастап осылай дайындық жұмыстары жүреді. Әзірге, сынақ уақыты», – деді облыстық мәдениет басқармасы, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұргүл Жақсылықова.
Енді латын қарпіне көшу жайлы ақпарат берсек: 0-сынып оқушылары 2020 жылдан бастап білім алуды латын негізді әліпбимен бастаса, барлық құқықтық актілер 2021 жылы латын графикасына көшеді. Сондай-ақ, БАҚ пен баспа басылымдары 2024, паспорттар мен жеке куәліктерді және басқа да құжаттарды латын графикасы негізінде беру 2021 жылы басталады. Мемлекеттік қызметшілер мен мектеп мұғалімдері 2019 жылдан бастап латын графикалы қазақ тілі емле ережелерін оқиды. Орыс мектептеріндегі оқушылар үшін қазақ тілі латын графикасымен, ал басқа пәндері кирилл әріптерімен оқылады. Ал, осы уақыт ішінде арнайы латын графикасындағы қазақ тілі емле ережелерін оқыту курстары, портал, мультфильмдер жарық көрсе, біршама телеарна бағдарламаларының атаулары, көше, мекеме және әлеуметтік жарнамалар, республикалық және халықаралық іс-шаралардың атаулары латын әріптерімен жазыла бастаған.
Естеріңізге салайық, латын негізді әліпбиде 32 әріп бар. 30 әріп және 2 диграф. Оның ішінде акут белгісі бар алты әріп: ә,ө,ү (дауысты), ғ,ң,у (дауыссыз). Диграф – екі әріпті қосу арқылы бір дыбыс шығару. Нақты айтсақ, «ch – ч,щ» ал, «sh – ш» дыбысын білдіреді. Сондай-ақ, «ц» әріпін жазу көпшілік арасында сұрақ болып туындап еді. Бұл әріп сөйлем ішінде «s» әріпі болып жазылады.
Айта кетейік, орталыққа әрбір азамат барып, латын қарпімен жазуды кез келген уақытта тегін үйрене алады. Ал, қаламызда бірінші күнде 100-ге тарта тұрғын келіп, тәжірибе жүзінде тексеріп, сауалнамаға қатысты. Әзірге пікір білдірушілер қолдайтындығын жазып, оң көзқарас танытуда. Десе де, егде жастағы жандар латын қарпімен жазуда қиындық барын жасырмаған.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«ТҮРКІСТАН».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы