ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: БІЛІМНІҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

1  190 көрілім

Елордамыз Нұрсұлтан қаласында өткен ұстаздардың биылғы алқалы жиыны – тамыз конференциясына алғаш рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен еліміздің жер-жерінен, университет, колледж, мектеп және мектепке дейінгі мекемелерден 2000-нан астам педагогтар қатысты. Мемлекет басшысы ең алдымен еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан білім мен ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласын білдірді. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс.

Мұғалімдердің ең басты міндеті – шәкірт тәрбиелеу. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Сонымен қоса Мемлекет басшысының айтуынша, сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналуы тиіс екенін, осы ретте жеті түрлі ілім беретін ұрпақ тәрбиелеу – осы күннің негізгі міндеті, Отандық білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтап, бір орнында тұрып қалмай, әрдайым даму жолында болу керектігін атап өтті.

Жаңа оқу жылында басты жаңалық – «Педагог мәртебесі» туралы Заңды қабылдау және 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымның жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу, мұғалімнің жалақысын екі есеге арттыруды Үкіметке тапсыруы.

Республикалық тамыз кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев та мұғалімдердің еңбегін бағалау өте маңызды міндет екенін атап өтіп, ұстаздардың жалақысы экономика бойынша 65 пайызын құрайтынын атап өтті.

Білім саласына білікті кадрларды дайындау үшін Үкіметке мұғалімдер жалақысын алдағы 4 жылда 2 есе ұлғайтуды тапсырды. Біз үшін ең елеулісі мұғалім мәртебесі көтеріліп, жалақы кезең-кезеңімен көтерілсе бала тәрбиесімен келешегі үшін оның маңызы зор және жоғары болмақ. Қолдың қысқалығынан басқа салаға қарай алаңдамай, тек мектептегі балаға сапалы білім мен тәрбие беруге уақыты мен күш-жігерін жұмсауға барынша мүмкіндік болады. Сонымен қатар, мұғалімнен сабақ беріп отырған сыныбының білім сапасын талап етуге де болады.

Жиында Президент ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс екенін атап өтті.

«Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», – деп мәлімдеді Президент.

Сонымен қатар, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажеттігін атап өтті.

Бұл орайда, педагогтар қауымы Президентіміздің ұстаздар еңбегіне зор құрмет көрсетіп, қолдау білдіруіне шын ықыласын танытуда. Сонау ықылым заманнан «ұстаз» деген ұлағатты есімді қайта тұғырына қондыруға барынша әрекет жасаған Мемлекет басшысының тапсырмасы бала үшін өзін де, еңбегін де аямайтын педагогтардан қайтарымы болары сөзсіз. Себебі, педагогтарға мемлекет тарапынан ерекше қолдау болса, еліміздің ертеңі болар жас ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етеріне сенім білдіре аламын.

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА,

қалалық білім бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы