ЕЛ БІРЛІГІН БЕКЕМДЕУГЕ КҮШ САЛАЙЫҚ

824 көрілім

Қарт тарих бәріне куә. Сонау 1986 жылдың желтоқсаны барыс жылы деседі. Жастар бойындағы барысқа тән айбат пен қайрат оянды. Алаңда қалың бұқара халық егемендік үшін атой салды. Не керек, сол кезеңде ғасырлар мұраты Тәуелсіздіктің іргесі қаланып, шаңырағы көтерілді. Араға тұп-тура 36 жыл салып Тәуелсіздігіміз тағы да таразы басына тұрды. Мысықтабандап енген пасық пейілділер бейбіт елдің берекесін қашырып, күшпен билікті басып алғысы келді. «Мың өліп, мың тірілген» Алаш жұртының алаңында тағы да қан төгілді.

Тарихта «Қаңтар қасіреті» деген атпен қалатын оқиға қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз. Қиын күндер артта қалды. Десе де, түрлі тәртіпсіздіктер мен зобалаңды көзбен көрген алматылықтардың бұл оқиға жадынан өшпек емес.Тәуелсіз ел болған 30 жылдығымызда мұндай қиын жағдай ойымызға кіріп шықпаған дүние болды ғой. Барлығымыз жай шеруге шығады деп ойладық. Бұл қанды жағдай жүрекке ауыр тиді. Қираған, өртенген нысандар. Қалалық әкімдіктің ғимараты да отқа оранып, жарамсыз болып қалды. Қаншама адам ажал құшты. Өрімдей жастарымыз барды да, арандатудың құрбаны болып кетті. Қазақта «іштен шыққан жау жаман» деген сөз бар. Әсіресе, сол күндердегі белең алып кеткен ұрлық-қарлық елдігімізге сын. Өзімізді өзіміз тонағанымыз ұят болды. Бүтін тұрған қаншама мүліктерге залал келді. Бүлінген нысандар мен өзге де жағдайларды қалпына келтіруге жұмыс атқарылып жатыр. Уақыт өте келе бәрі қалпына келер деп үміттенеміз.

Осы «Қаңтар оқиғасына» байланысты жасалған Президентіміздің үндеуі халықтың рухын оятып, жауынгерлерді жігерлендіріп, бөтен ниеттегілерге қарсы тұрарлық зор күш силады. Соның арқасында жат пиғылдағылардың мысын басып, таразы басында тұрған Тәуелсіздігіміз адақталып, бірлікпен алға ұмтылатын жастар шоғыры мен қарайған халықтың жоғын жоқтайтын «Жаңа Қазақстан» құрылды.

Өткен нәрсе өтті. Енді бұдан ел болып сабақ алуымыз қажет. Жастарымызды өз елін, қаласын сүйетіндей етіп патриоттық тәрбиеге басымдық беруіміз керек. Бабалардың аманаты болған ел Тәуелсіздігін қызғыш құстай қорғап, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да өз үлесімізді қосып, керек болса сол егемендік жолында жанымызды да құрбан ете алатын деңгейде сүйе білуіміз керек.

«Тауларды аласартпай – даланы биіктетейік» деп ғаламат ақын Олжас Сүлейменов айтқандай еліміздің тек жақсы жаңалықтарын, даму жолындағы ерекшеліктерін, алға басқан аршынды қадамын, толағай жетістіктерін көре берейік!

Балтабай АЖЕКОВ,

Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», қалалық «ардагерлер кеңесінің» пленум мүшесі, Түркістан облысының Әділет заң кеңесшілері палатасының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы