ҚЫЛМЫС ХРОНИКАСЫ

715 көрілім

ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденовтің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын талқылау жиыны өтті. Мұрат Талапұлы жиналғандарға Жолдауды таныстырып, оның басым бағыттарын кеңінен жеткізді. Әрбір бөлімі бойынша жекелей пікір алмасып, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды да пысықтады.

ӨҢІРДІҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ ХАЛЫҚҚА ОНЛАЙН ЕСЕП БЕРДІ

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов 2021 жылда жеке құраммен атқарылған жұмыстарды қорытындылап, халыққа онлайн түрде есеп берді. Ең алғаш есептік жиында былтырғы жылы атқарылған жұмыстар бойынша бейнеролик көрсетілді. Бұдан соң облыстың бас полицейі баяндама жасады. Генерал М.Қабденов: «Өткен жылы облыста онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар саны 2869-ды құрап, 11,0%-ға төмендеді. Бөтен мүлікті ұрлау қылмыстары 26,4%-ға азайып, ашылуы 61,8%-ға көтерілді. Пәтер ұрлығы 17,2%-ға, мал ұрлығына байланысты қылмыстар 16,3%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстардың ашылымы 96,6%-ға жоғарылады.

Полицейлермен үнемі есірткінің зияны жайлы сабақтар өткізіліп, брошюралар таратылып, билбордтар ілінуде. Брифингтер өтуде. Соның нәтижесінде 2021 жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 409 дерек тіркеліп, 5 тонна 506 келі есірткі заттары алынды. Аса қауіпті саналатын есірткінің синтетикалық түрін сақтаған 10 адам ұсталды. 187 сайтқа «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы шектеу қойылып, бұғатталды. Оған қоса есірткі түрлерін жарнамалаған 2 тұлға анықталып, оларға қатысты ҚК-нің 299-1-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау шаралары да біздің назардан тыс қалып жатқан жоқ. Десек те, жыл ішінде 712 жол-көлік оқиғасы болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,7%-ға аз. Ал, осы өкінішті жәйттардың салдарынан 319 адам қаза тауып, 743 адам жарақат алған. 1 жыл ішінде 710 мың 330 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жол қозғалысы бойынша – 611 мың 546 құқық бұзушылық. Ал, көлікті мас күйде басқарған 1037 жүргізуші анықталды. Облыс көлемінде біздің бақылауымызда 56 бейнекамера мен 70 фиксатор бар. Олардың көмегімен 281 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды», – деді Мұрат Талапұлы.

ГЕНЕРАЛ ЖЕКЕ ҚҰРАМНЫҢ ЖАҢА ФОРМАСЫН КӨРДІ

Түркістан облысының полицейлері тәртіп сақшыларының горнизондық сап түзеу байқауын ұйымдастырды. Шараның мақсаты – жеке құрам даярлығын қолдау, полицейлердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындықтарын тексеру. Бұған қоса сап түзеу барысында ТО ПД-нің қалалық, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің жеке құрамы сапқа тұрғызылып, жаңа үлгідегі форма таныстырылды.

Жаңаша дизайнмен тігілген киімдер полицейлердің қызмет атқаруының ерекшелігі мен жағдайына қарай топтастырылған. Әсіресе, учаскелік полиция инспекторларының мәртебесі мен танымалдығын арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде, халықпен тығыз байланыста жүретін полицейлер үшін жаңа киімнің жеке желісі әзірленген. Жазуларына латынша қаріп қолданылған.

Облыстың бас полицейі саптық байқауда жеке құрамның киім үлгілері, қызметтік куәліктері мен басқа да керек-жарақтарын мұқият тексеріп шықты. Оған қоса тәртіп сақшыларына кез келген уақытта халыққа жақын болып, ашықтықты қамтамасыз етіп, мінсіз қызмет үлгісін көрсету керектігін жеткізді. Полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы: «Елімізде құқық қорғау органының қызметкерлерінің беделін көтеріп, оларға барынша жағдай жасау үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның ішінде бүгін өздеріңіз киіп тұрған жаңа форма. Бұл біздің қызметке қолайлы және ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрінің бастамасымен жүзеге асып отыр. Шынында әрбір тәртіп сақшысының алаңсыз қызмет атқаруында сапалы киім үлгісі, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі аса маңызды. Ендеше, іске сәт. Қоғамдық қауіпсіз-дікті сақтауда, ел тыныштығын сақтауда шаршамай қызмет ете беріңіздер!», – деді облыстың бас полицейі.

ВОЛЕЙБОЛДАН ЖҮЛДЕЛІ БОЛҒАН ПОЛИЙЦЕЙЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан облысының полицейлері әрдайым спортты серік етіп, онымен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл әрекет тәртіп сақшыларының сүйікті ісі, әрі қызмет бабында әрқашан сергек болуы үшін аса қажет. Спорттың барлық түрін жанына серік еткен сақшылар, наурыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында өткен кезекті байқаудан жүлделі оралды. Нақтырақ айтсақ, күштік құрылым қызметкерлері арасында волейболдан үлкен жарыс өтті.

ҚР Ішкі істер министрлігінің атынан қатысқан команда волейболдан І-орынды иеленіп, грамота және арнайы кубокпен марапатталды. Осы тұста мақтанышпен айтарымыз, аталған команда мүшесі ретінде Түркістан облысы Полиция департаментінің 5 бірдей қызметкері қатысып, жеңісті ойын үлгісін көрсеткені. Спортты серік етіп, онымен қоймай республикалық байқаудан жеңіспен оралған түркістандық полицейлерді ТО ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов арнайы қабылдап, марапаттады.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болған полицейлер қатарында команда капитаны, полиция подполковнигі Самат Дүкенов, полиция капитаны Асқар Ибрагимов, полиция аға лейтенанты Абдуқұрман Тінәлиев, полиция лейтенанты Болат Ділдахандар бар. Марапат иелеріне салтанатты түрде арнайы медальдар табысталды. Сондай-ақ, осы турнирде «Үздік байланысшы» номина-циясын полиция капитаны Асқар Ибрагимов иеленіп, аталмыш полицей грамота, кубокпен марапатталды.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУДЕ

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Келелі кездесуге Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Абдуғани Сейдуалиев қатысты. Оған қоса прокуратура, полиция, адами әлеуетті дамыту басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, қалалық, аудандық әкімдердің орынбасарлары мен өңірлердегі адами әлеуетті дамыту бөлімдерінің басшылары және «Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшілері қатысты.

Күн тәртібінде кәмелетке жасы толмағандар арасындағы суицидтер, ерте жүктілік, олармен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деректерін талдау мен алдағы уақытта олардың алдын алу бойынша атқарылатын жұмыс жоспарлары қаралды. Жиында полиция полковнигі А.Сейдуалиев баяндама жасады. Жалпы, құқық бұзушылық қәмелет жасқа толмаған жастар арасында да орын алып жатады. Сондықтан, тәртіп сақшылары елімізде жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде заңды өкілінсіз жүруіне, компьютерлік клубтар мен мейрамханаларда болуына заңға сәйкес тыйым салып, қадағалауда. Тәртібі қиын балаларды жергілікті жерлердегі ювеналды полиция тобының инспекторлары қатаң бақылауға алған. Яғни, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында, мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, облыс аумағында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Сонымен қатар, Полиция департаменті басшылығының нұсқауымен әр аптаның демалыс күндері аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен бір нүктелік профилактикалық іс-шаралары жүргізіледі.

Дайындаған: Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы