ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ҚОҒАММЕН ТАЛҚЫЛАНУЫ ТИІС

603 көрілім

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралуда.

Маңызды құжаттың толыққанды болуы үшін қоғам мен елдің жан-жақты ұсыныстары мен пікірлерін қамтуы тиіс деп ойлаймын. Тапсырмаларды іске асыру туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы 10 бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтитынын біліп отырмыз. Олар елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталғаны белгілі.

Әлібек Қуантыровтың баяндауынша, «Президенттің өкілеттіктері туралы» бірінші бағыт бойынша 3 іс-шараны іске асыру көзделген. Президент өкілеттіктерін шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында заңнамаға мынадай түзетулер енгізіледі: Президенттің өз өкілеттіктерін атқаруы кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуы, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салу ісі шын мәнінде кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, қазіргі таңда лауазым иелерінің командалық әдіспен туыстарын ілестіріп, қызметтен-қызметке көшіп жүруі әлі күнге тоқталар емес. Олардың кімдер екендігін халық көріп отыр.

Министрдің айтуынша, партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол бермеу үшін заңнамаға Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ережелер енгізіледі. Сондай-ақ, әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады. Бұл да шын мәніндегі өзекті жайдың бірі. Соңғы кездерге дейін түрлі деңгейдегі әкімдердің «Нұр Отан» партиясының төрағасы болуы басқа партиялардың шөміштен қағылуына әкеліп соқтырды.

«Сайлау жүйесін жетілдіру» бойынша бір іс-шара іске асырылатын болады. «Елді одан әрі саяси жаңғырту мақсатында сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізіледі. Ол 70/30 қатынасында мәжіліс құрудың аралас жүйесін көздейді. Яғни, депутаттардың 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, 30%-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша 50%, партиялық тізімдер бойынша 50%, аудандар мен қалалардың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша сайланады», – деді Ә.Қуантыров.

Бұл шын мәніндегі үлкен саяси өзгерістер. Әсіресе, жергілікті жерлерде саяси білігі мен тәжірибесі жетілген, алайда бірде-бір партияға мүше емес дара тұлғалар жетіп артылады. Сондықтан, оларға мәслихаттан 50 пайызға дейін орын берілуі – барлық өзекті жайлардың жергілікті жерде бәсекелестік ортада, баламалы негізде, демократиялық тәртіппен шешілуіне мүмкіндік әпереді.

Тұрғанбек БЕГИМОВ,

Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы