Қаламыздағы Ата-Түрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, қаламы қарымды ақын Санжар Ғұламаның шығармашылық кеші өтті.
«Сіз жақсы адамсыз» деп аталатын салтанатты кешке Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері Ләззат Сарыбаева, Несіпкүл Утебаева, Алима Пашанова, сынды Санжар ақынның өнеріне жанашыр, жақсылыққа үндеп жүрген ұстаздары қатысып, кештің шымылдығын түріп берді. Өздерінің ыстық ықыластарымен бірге, естеліктерімен де бөлісіп керемет әсерге бөледі.

Сонымен қатар жас ақынды қолдай келген қонақтардың қатарында Санжар Ғұламаның анасы және Қазақстан Республикасының Композиторлар Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Түркістан облысы бойынша Композиторлар Одағының төрайымы Құралай Сәтмұханбетова, Маңғыстаулық меценат, қоғам белсендісі, кәсіпкер Ұлбосын Ахметова, өзі еңбек етіп жүрген білім ордасының басшысы Рахила Кенжебекқызы сынды өнерге жанашыр жандар өз қолдауларын білдіріп, жас ақынға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ ақынның сөзіне жазылған бірнеше әндерді композитор Құралай Сәтмұханбетова қоңыр үнімен тамылжыта шырқап, кештің шырайын ашты. Бойларында шығармашылықтың шынар шыңы толқыған, жаны жыр сүйер халқына өлеңдерін арнаудан талмайтын Санжардай сөз өнерін құрметтейтін, поэзияға деген сүйіспеншілігі өшпейтін, мейірімділік пен адамгершілікті ту еткен ойшыл ақынға қаламың мұқалмасын дегіміз келді.
Арайлым Мейрамханқызы.